- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұлттық экономика министрлігі...
Ұлттық экономика министрлігі теңгенің құнсыздануына қатысты сұраққа жауап берді
Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Сенат брифингінде теңгенің құнсыздануына қатысты сұраққа жауап берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрдің сөзінше, қазіргі уақытта девальвацияға негіз жоқ.
"Соңғы үш жыл БАҚ-та әртүрлі сарапшылар курс жоғарылайтыны туралы айтып келеді, бірақ іс жүзінде ондай жағдай орын алмады. Қазақстанда девальвация ұзақ уақыт бойы болмады, себебі девальвацияның нақты негіздері жоқ," – деп пікір білдірді Қасенов Сенат кулуарында.
Ұлттық экономика вице-министрі Қазақстанның ұлттық валютасының тұрақсыздығына әсер етуі мүмкін факторларды атап өтті.
"Оған әртүрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Басқа валюталар сынды бағамның өзгеруі елдің экспорт-импортына байланысты болады, сондықтан мұндай ықпалдар кезінде курс өзгеруі мүмкін. Бірақ жалпы алғанда валютаның тұрақтылығын көріп отырсыз. Ұлттық валютада депозиттердің табыстылығы инфляцияны есепке алғанның өзінде шетелдік валюталарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Мен ұлттық валютаның тұрақтылығына сенемін," – деді вице-министр.
Айта кетейік, бүгін Астана мен Алматы қалаларындағы ақша айырбастау пункттерінде доллар 488-494 теңге аралығында саудаланып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет