ҰБТ тапсыру - оқушы өміріндегі жаңа белеске бастар жол. Көпшілігі мұны сынақ ретінде қабылдайды, ал кейбіреулер ұзақ уақыт төгілген тер, еңбек ақталатын сәт деп біледі. Massaget.kz тілшісі биыл ҰБТ тапсырып, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне оқуға түскен Нұрай Болатовамен әңгімелесті. Біз тілдескен кейіпкер ҰБТ "ұлттық бірыңғай төңкеріс" емес дейтіндердің қатарынан.
Дайындықты қашан бастаған?
Атырау облыстық дарынды балалар мектеп-интернатының түлегі Нұрай дайындықты 10-сыныптың аяғынан бастапты.
"Алғашында "Достық" сайтынан сынақ тестін тапсырдым. Ол кезде карантин еді. 96 балл жинадым. Осылайша, 2020 жылғы түлектер қатысқан курстарды зерттей бастадым. "Арыстан" деген курсқа қатыстым. Бірақ 10-сынып болған соң аса мән бермедім. Кейін Juz40 деген курсты таптым. Шілдеде математика, тарих, физика пәндерінен жазылып қойдым. Осылай басталды. Тамызда ауылымда болдым. Осы бір айда бас көтермей оқыдым десем де болады", - дейді ол.
Нәтиже қандай болды?
Оның сөзінше, әр жолы нәтиже өзгере берген. Кей сәтте өз-өзіне ренжіген кездер де болыпты.
"Қыркүйекте сабақ басталып, мектептегі дайындыққа да, қосымша курстың дайындығына да қатыстым. Курсқа 4 ай қатыстым. Қиналған кездер де болды. Қаңтарда ҰБТ тапсырғанда, 115 балл жинадым. Бірақ тарихтан аз жинадым. Тамыздан бері оқыдым, дегенмен 9 балл алдым. Өзімді біртүрлі сезіндім. Басқа сабақтар жақсы болды. Кейін наурыздағы ҰБТ-ға дайындалдым. Алайда ғылыми жоба, Президент олимпиадасына қатыстым. ҰБТ-ға дайындыққа аса мән бермей қалдым. Ол кезде 113 балл алдым. Кейін мамырда 120 балл алдым. Бұл жолы грантқа тапсыратын мүмкіндік болған соң қуандым. Өйткені ойымда жүрген мамандыққа шамамен жететіндей балл болды. 120 баллдан кейін босаңсып кеттім, дайындалмай қалдым. Кейін бітіру кеші болды. Бітіру кешінен кейін дайындықты қайта бастадым, осылайша, маусымда 121 балл алдым", - деп әңгімеледі ол.
"Мұрным қанайтын". Қандай қиындыққа тап болған?
Нұрайға қиын соққан нәрсе уақыт тапшылығы болыпты. Өйткені қалада интернатта жатып оқыған ол тәртіп пен жатақханада уақытына бейімделуі керек болған.
"Қалада интернатта жатып оқыған соң сағат түнгі 11.00-ге дейін рұқсат беретін еді. Жатақханада дайындыққа уақыт жетпейтін. Бірақ түнімен оқыған да зиян. Бір кездері дайындыққа ұзақ уақыт жұмсағаннан мұрным қанайтын. Соған тәрбиешілер "демал" деп ұрысатын еді", - дейді ол.
19 ғана сұрақтан қате жіберген түлектен кеңес
Ол тынбай дайындалғанының арқасында 140 баллдан 121 балл жинап, мемлекеттік грант иегері атанған әрі өзі қалаған мамандыққа оқуға түскен. Осы орайда 2022 жылғы түлек келер жылы мектеп бітіретіндерге өз тәжірибесін айтып, кеңес берді.
"Ата-анам ауылда болды, олар курсқа қатысуыма қаржылық жағынан көмектесті. Негізі қолдау болғаны дұрыс. Ал биылғы түлектерге жаздан бастап дайындалуға кеңес беремін. Қазір түрлі курс бар. Дұрыстап зерттеп, жақсы курс таңдаған жөн. 5 пәннен тапсырады. Оқу сауаттылығы оңай, дегенмен 4 пәннен база қалыптастырып алу керек. Ал қаңтардан кейін практикаға көшу қажет", - дейді Нұрай.
Instagram, TikTok-қа сағаттарыңды кетірмеу үшін...
Қазір әлеуметтік желі дамыған кезең. Мұның сынақ тапсыратын оқушыларға жағымды-жағымсыз әсері болары сөзсіз. Нұрай Желіде ұзақ отырмауға өзіне қандай әдіс көмектескенін айтты.
"Өзім қатысқан курста "Instagram-ға кірмеңдер" деген талап қойылды. Не үшін Желіде (Instagram, WhatsApp) отырғанымызды айтып, күнде есеп беретін едік. Бұл әдіс көмектесті", - дейді Нұрай.
"Өзіңді көрсетсең, барлық жол ашылады"
Нұрай өзі оқыған курста жақсы нәтиже көрсетіп, қазір өзінен кейінгілерге көмектесіп жүр.
"Juz40 курсына тамыздан желтоқсанға дейін қатыстым. Онда жақсы көрсеткіш көрсетсең, тегін қайталауға алып қалады. Бірақ бәрін бақылайды, тапсырмаларымызды қарайды. Бәрі біткеннен кейін курста жұмысқа алып қалады. Қазір өзім оқыған орталықта қосымша куратор болып жүрмін. Мен математика мұғалімі мамандығын таңдадым, ал куратор болуым, оқушылармен қарым-қатынас жасауым үлкен тәжірибе болары сөзсіз", - дейді ол.