- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұлттық бренд болатын...
Ұлттық бренд болатын дүниелер баршылық
Алдымен «бренд» дегеннің не екеніне қысқаша тоқталып өтейік. Бренд – сауда белгісі, оны қарапайым тілде таңба деп те атасақ болады. Оған, сондай-ақ, сол таңбаға қатысты нәрселер де кіреді. Әдемілігі керемет таңба-рәміздерді де бренд деп атайды. Жалпы, бренд – тұтынушыға берілетін уәде және сол уәдені орындау.
Ерте замандарда адамдар таңбалар арқылы қарым-қатынас жасауды және белгілі бір ақпаратты беруді немесе жеткізуді қажет етті. Бұл таңбалар бір идеяны жақтаушыларды өздерінің бәсекелестерінен өзгеше бөлектеу етіп көрсетті. Таңбалар адамның немесе топтың басқалардан даралығын, белгілі бір қасиеттерді иеленетіндігін білдіруге мүмкіндік берді. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың атап өткеніндей, сапалы елдік брендингке қашан да сол мемлекеттің шынайы жетістіктері негіз болады. Елдің имиджін сауатты ілгерілету үшін онымен байланысты образдар, идеялар мен рәміздер креативті, қайталанбас әрі жадыңда жатталып қалатын символикамен біте қайнасуы керек. Осындай іргелі істі біздің еліміз де қолға алып жатыр. Осыған байланысты Қазақстанның Ұлттық брендін анықтау жөніндегі байқау басталғанын да айта кетейік.
Енді Қазақстанда «Ұлы Дала елі» жалпыұлттық бренді жасақталады. Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, осыған байланысты таңбалауға жататын тауарлар реестрі түзіледі. Біріншіден, бұл таңба тауардың Қазақстанда жасалғанын білдіріп тұрады. Екіншіден, бұл тауардың шын мәнінде сапалы екенінен хабар береді. Үшіншіден, ол тауар Қазақстан халқымен мойындалғанын көрсетеді. Бұл бренд кез келген кәсіпорынға берілмейді, берілген кәсіпорындар санаулы ғана болады. Оның ішінде «Эйр Астана», «Рахат» сияқты ірі компаниялар бар.
Бұрын да, қазіргі кезде де Германия мен Жапонияны автомашиналары, Францияны иіссулары, Голландияны қызыл-сары гүлдері, Италияны сапалы аяқ киімдері, Швейцарияны сағаттары, Үндістанды хош иісті шайлары, Жапония мен Кореяны электроникасы әлемге әйгілеп келеді. Алдағы уақытта да әйгілей бермек. Олар дүние жүзіне танымал осы өнімдерімен мақтана алады. Міне, бұл олар үшін нағыз бренд! Ал Қазақстан ше? Біздің елдің ұлттық бренді қайсы?
Егер ретіне қарай айтатын болсақ, біз алғашқы орынға елордамыз – Астана қаласын қояр едік. Бұған ешкім қарсылық білдіре қоймас деген ойдамыз. Өйткені, бүгінде Астана Қазақстанның ғана емес, дүние жүзінің жаңа ғажайыбы атанып отыр. Екіншіден, Астананың архитектуралық сәулет-құрылыс тұғырнамасын әзірлеуде қала келбетіне еуразиялық өң-сән беру идеясы басшылыққа алынды. Идея авторы – еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ғимараттарының әдемілігі мен сәулеттілік көрнекілігі жағынан қала Токио, Нью-Йорк, Дубаймен бәсекелесе алады.
Байқоңыр – Қазақстан аумағында орналасқан әлемдегі алғашқы және ең ірі ғарыш айлағы. Айлақтың басты және көмекші нысандарының жалпы аумағы 6717 шаршы шақырымды құрайды. Оның ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр. Байқоңырдан 1957 жылдың 4 қазанында тұңғыш ғарыш зымыраны сәтті ұшырылды және ол дүние жүзіндегі ең бірінші Жердің жасанды спутнигін орбитаға шығарды. Ал 1961 жылғы сәуірде адамзат тарихында алғаш рет Юрий Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. Ғарыш айлағының құрылысын жүргізуге әр жылдары қазақстандықтар да қатысқан.
Ұлттық аспаптарымыз – қобыз бен домбыраны да ұлттық брендке айналдыруға болар еді. Себебі, еліміздің танымал өнер ұжымдары алыс-жақын шетел сахналарында өнер көрсеткенде, олардың қолындағы қобыз бен домбыраға қызыға қарағанына, таң-тамаша болғандарына бірнеше мәрте куә болғанымыз бар.
Елімізде ұлттық бренд болатын өнімдер мен бұйымдар шығаратын компаниялар да баршылық. Мысалы, «Әдемі-ай» және «Бал-бала» компанияларын атауға болады. «Әдемі-ай» компаниясы қазақ халқының ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, тарихын, еліміздің бүгінгі жетістіктерін бейнелейтін кәдесыйлардың қайталанбас түрлерін шығарады. Олар көптеген елдерде өткен көрмелерге қатысып, жүлдегер атанды. Ал «Бал-бала» компаниясы негізінен ойыншықтар, оның ішінде өздігінен қозғалып, ән айтып, би билейтін қуыршақтар шығарумен айналысады. Қуыршақтар «айтқан» әндерді балалар тез жаттап алады.
Бізде Қазақстанды әлем жұртшылығына кеңінен танытатын, ұлттық брендіміз болатын дүниелер баршылық. Өкінішке қарай, біз оларды халықаралық деңгейге шығарып, жөнді насихаттай алмай жүрміз. Бүгіннен қолға алмаса, ертеңгі күні олар да Алматы апортының кебін киеді…
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ
Дереккөз: egemen.kz
T. Кіршібаев