Ұлттық банк теңгеге қатысты ахуалды түсіндірді

Ұлттық банк теңгеге қатысты ахуалды түсіндірді
Фото: depositphotos.com

Ұлттық банк валюта нарығы туралы хабарлама жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желтоқсанның қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 505,73 теңгеге дейін, яғни 1,3%-ға нығайған.

Ал Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір ай ішінде 280 млн АҚШ долларынан 359 млн АҚШ долларына дейін ұлғайған. Сауда-саттықтың жалпы көлемі - 7,9 млрд АҚШ доллары.

"2025 жылдың қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 525,10 теңгеден 505,73 теңгеге дейін, яғни 3,7%-ға нығайды. Сауда-саттықтың жиынтық көлемі жылдық есеппен 15%-ға ұлғайып, 63 млрд АҚШ долларына жетті", - деп жазылған хабарламада.

Республикалық бюджетке трансферт бөлу, "Талдықорған – Үшарал" магистраль газ құбырын салу жөніндегі жобаны қаржыландыру мақсатында 2025 жылғы желтоқсанда Ұлттық қордан 400 млн АҚШ долларына валюта сатылған. Бұл жалпы сауда-саттық көлемінің 5%-ы немесе күніне шамамен 18 млн АҚШ доллары болады. Жалпы 2025 жылы Ұлттық қордан 8,2 млрд АҚШ долларына валюта сатылған.

"2026 жылғы қаңтарда Ұлттық қордан 350 млн АҚШ долларынан 450 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылуы мүмкін", - деп жазылған хабарламада.

Ұлттық банк мәліметінше, 2026 жылғы I тоқсанда шамамен 1,1 трлн теңге баламасында шетел валютасын сату жоспарланып отыр.

Желтоқсанда Ұлттық банк валюта интервенциясын жүргізген жоқ. Сонымен қатар, желтоқсанда зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ доллары сатып алынған жоқ. Қаңтарда да валюта сатып алу жоспарланбаған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget