Ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұру үшін 10 күнде қанша жұмсады?

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамын ұстап тұру үшін 10 күнде қанша жұмсалғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"16 қарашадан бастап интервенция жүргізіп жатырмыз, соған 1 миллиард доллар жұмсалды. Бұл нақты - сан", - деді ол.

Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасына доллар бағасының өсуіне кімдердің әсері жоғары деген сұрақ қойылды. 

"Жеке тұлғаларға әсер етпеді, кеше барлық филиалдан ақпарат жиналды, ешқандай артық сұраныс болған жоқ. Қазақстан қор биржасында жұмыс істеп жатқан заңды тұлғалар осы ұсынысты қарап отыр", - деді ол. 

Айта кетейік, кеше сағат 11:00-де Астанадағы ақша айырбастау орындарында доллар 513,20 теңгеге сатылып, 505,10 теңгеге сатып алынды. Кейбір айырбастаушылар АҚШ валютасын 515 теңгеден сатты.

Бұған дейін экономист Айбар Олжаев теңгенің болашағын болжап еді. 

Алматыда америкалық валюта 512,87 теңгеге сатылып, 507,50 теңгеге сатып алынды. Кейбір ақша айырбастау орындарында доллар 516-518 теңге аралығында сатылып жатыр.

Кейін Ұлттық банк доллар бағамына қатысты мәлімдеме жасап, жағдайды түсіндірген еді. 

Ұлттық банк мәліметінше, бірқатар фактор әсерінен теңгенің айырбас бағамы АҚШ долларына шаққанда 500 теңгеге жеткен.

Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақпен жылдық 15,25 пайыз деп белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция балансын ескере отырып қабылданған.

Анықтама: базалық мөлшерлеме - коммерциялық банктерге Ұлттық банк қысқамерзімді несиелер беретін және коммерциялық банктерден депозиттер қабылдайтын пайыздық мөлшерлеме. Ол азаматтарға берілетін несиелер бойынша мөлшерлемелерді белгілеуде маңызды рөл атқарады, елдегі инфляция деңгейіне де әсер етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, базалық мөлшерлеме - ел экономикасы мен банк секторы үшін негізгі бағыт. Оның мөлшерін Ұлттық банк белгілейді: арттыруы немесе төмендетуі мүмкін. Сонымен қатар базалық мөлшерлеме - елдің ақша-несие саясатының негізгі құралы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!