- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алаяқтық
Ұлттық банк қазақстандықтарға ескерту жасады
Қазақстан Ұлттық банкі ҚҰБ-тың фирмалық бланкін пайдаланып, азаматтарға жалған құжат жолдаушы алаяқтардың көбейгенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қаскөйлер Ұлттық банк атынан жіберген жалған хаттарында олардың алаяқтардың құрбаны болғанын хабарлайды. Сөйтіп, алаяқтардан ақшаны қауіпсіз түрде қайтару үшін және "клиринг процедурасынан өтуге байланысты қаржы міндеттемелерін" өтеу үшін ақша аудару керек екенін айтады. ҚҰБ жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, қаржы құралдарын сақтандырмайтынын және халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын еске саламыз", - делінген хабарламада.
Интернет-алаяқтары мұндай хабарламаларды WhatsApp мобильді қосымшасы, электрон пошта және әлеуметтік желілер арқылы таратады.
Осыған байланысты Ұлттық банк азаматтарды сақ болуға, күмәнді шоттарға ақша аудармауға, жалған хабарламалар мен тексерілмеген құжаттарға сенбеуге шақырды.
"Мұндай схемаларды алаяқтар құқық қорғау органдары немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі қызметкерлерінің атын жамылып жүзеге асыруы мүмкін. Олар мұны "аударымдарды алаяқтардан сақтандыру процедурасы", қаржы ұйымдарындағы "алаяқтарды ұстау", "арнайы органдардың тексеруі" немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының бірлескен "арнайы операцияларына" қатысу сияқты түрлі жалған процесс ретінде түсіндіріп, алдап соғуы ықтимал. Егер өзіңіз немесе танысыңыз осындай алаяқтық схемаға тап болса, арыз жазып, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгіну жолдарын ұсынамыз. Кеңес алу үшін ҚҰБ-тың байланыс орталығына 1477 нөмірі арқылы хабарласуға болады", - деп хабарлады Ұлттық банк.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан