Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қандай шешім қабылданды?
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/-1 п.т. жылдық 16,75 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.
Ұлттық банк мәліметінше, жылдық инфляция тоғыз ай бойы төмендеп, маусымда 10,3 пайыз болған. Азық-түлік инфляциясы 10,7 пайыздан 10,4 пайызға дейін төмендеді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 11,7 пайыз деңгейінде сақталды. Айлық инфляция маусымда 0,8 пайыз, ал базалық инфляцияның маусымдық факторлар ескерілмеген бағалау медианасы 0,9 пайыз болды.
"Сыртқы сектор әлі құбылып тұр. Таяу Шығыстағы қақтығыс қайта ушығуы энергия ресурстарының бағасын өсірді. Әлемдік азық-түлік бағасы әртүрлі бағытта белгіленіп отыр. Жоғары сұраныс пен шектеулі ұсынысқа байланысты өсімдік майы мен ет қымбаттайды, ал дәнді дақылдар бағасы егін бітік шығады деген болжамға байланысты төмендейді деп жоспарланып отыр. Ресейде инфляция қарқын алып тұр. Осыған байланысты Ресей банкі проинфляциялық қатер күшейгенін алға тартып, негізгі мөлшерлемені одан әрі төмендетуге сақтық танытып отыр. Ал АҚШ-та инфляция нысаналы деңгейден жоғары күйінде қалды", - деп жазылған хабарламада.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 4 қыркүйекте Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
Бұған дейінгі жағдай
Еске салайық, маусымда Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. жылдық 17,00 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.
Бұл шешім кезекті болжамды раунд нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер мен инфляция теңгерімінің бағалауына сүйеніп қабылданды.
Базалық мөлшерлеме деген не, ол неге әсер етеді?
Базалық мөлшерлеме - коммерциялық банктерге Ұлттық банк қысқа мерзімді несиелер беретін және коммерциялық банктерден депозиттер қабылдайтын пайыздық мөлшерлеме. Ол азаматтарға берілетін несиелер бойынша мөлшерлемені белгілеуде маңызды рөл атқарады, елдегі инфляция деңгейіне де әсер етеді.
Қарапайым тілмен айтқанда, базалық мөлшерлеме - ел экономикасы мен банк секторы үшін негізгі бағыт. Оның мөлшерін Ұлттық банк белгілейді: арттыруы немесе төмендетуі мүмкін. Сонымен қатар, базалық мөлшерлеме - елдің ақша-несие саясатының негізгі құралы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова