- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұлттық банк азаматтарға...
Ұлттық банк азаматтарға алаяқтық туралы ескерту жасады
Ұлттық банк азаматтарға алаяқтық туралы ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұлттық банк мәліметінше, кейінгі кезде екі адам жасайтын алаяқтық жиілеп кеткен. Олар басқалар иемденіп кеткен ақшаны қайтару бойынша заңгерлік көмек ұсынып, алдауға тырысады.
"Бірінші кезеңде қаскөйлер өзін Ұлттық банктің немесе басқа да мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, жалған құжат жібереді. Сөйтіп банктік аударымдарға арналған деректер ұсынып, азаматтардан барынша ақша өндіріп алуға тырысады. Алаяқтар қаражатты иемденіп алған соң алаяқтық схеманың келесі кезеңіне көшеді. Бұл жолы өздерін заңгер ретінде таныстырып, аңғал азаматтармен қайта байланыс орнатады. Өзі секілді зардап шеккен басқа да адамдардың атынан ұжымдық талап-арызбен әрекет ететін сыңай танытып, алаяқтар иемденіп кеткен қаражатты қайтаруға заңгерлік көмек ұсынады. Осылайша, қаскөйлер ақшаларды қайтару үшін "заңгерлік қызметке" ақы төлеуді сұрайды. Ақшалай транзакция орындалған соң алаяқтар байланысқа шығуды тоқтатады", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, Ұлттық банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, азаматтардың қаржысын сақтандырумен айналыспайтынын ескертті.
"Сіз немесе жақыныңыз алаяқтардың арбауына тап болса, арыз жазу арқылы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береміз", - дейді Ұлттық банк қызметкерлері.
Айта кетейік, кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі бойынша Қазақстан Ұлттық банкінің байланыс орталығына да хабарласуға болады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова