Ұлттық Банк 2027 жылы базалық мөлшерлемені 8 рет қарайды

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2027 жылға арналған базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер кестесін бекітті, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Жоспар бойынша келесі жылы базалық мөлшерлеме бойынша 8 шешім, оның 4-і болжамды раундтың нәтижелері негізінде қабылданады.

Базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер аптаның соңғы жұмыс күні Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланып, келесі аптаның бірінші жұмыс күнінен бастап күшіне енеді, – деп жазылған банк хабарламасында.

2027 жылы базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер мына күндері жарияланады:

📅 22 қаңтар
📅 12 наурыз
📅 23 сәуір
📅 11 маусым
📅 23 шілде
📅 10 қыркүйек
📅 22 қазан
📅 10 желтоқсан

Базалық мөлшерлеме несие мен депозитке қалай әсер етеді?

Базалық мөлшерлеме – елдегі "ақшаның құны". Оны Ұлттық банк белгілейді. Бұл көрсеткіш банктердің халыққа қандай пайызбен несие беріп, салым қабылдайтынына әсер етеді.

Қарапайым тілмен түсіндірсек, бұл жүйе былай жұмыс істейді:

Мөлшерлеме көтерілсе, ақша "қымбаттайды". Несие пайызы өсіп, қарыз алу тиімсіз бола түседі. Есесіне депозиттердің де пайызы артып, ақша жинау тартымды бола бастайды. Нәтижесінде адамдар сатып алуды азайтады, бизнес қызметін кеңейтуге асықпайды. Сұраныс төмендеп, бағаның өсуі, яғни инфляция баяулай бастайды.
Мөлшерлеме төмендесе, ақша "арзандайды". Адамдар несие алуға бейім болып, көбірек ақша жұмсайды, ал компаниялар жаңа жобаларды іске қосады. Экономика жанданады. Алайда мөлшерлемені шамадан тыс төмендету бағаның қайта өсуіне әкелуі мүмкін.
Маңызды жайт: базалық мөлшерлеменің әсері бірден байқалмайды. Ұлттық банк шешімінің халықтың қаржысына ықпалы бір-бір жарым жылдан кейін сезіледі.

18 пайыздан 15,75 пайызға дейін: 2026 жылы базалық мөлшерлеме қалай өзгерді?

2025 жылы базалық мөлшерлеме бірнеше рет көтерілді: жыл басындағы 15,25 пайыздан қазанға қарай 18 пайызға жетті. Бұдан кейін реттеуші ұзақ уақыт мөлшерлемені өзгертпеді.

  • 2026 жылғы 23 қаңтарда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 18 пайыз деңгейінде сақтады. Мөлшерлеме дәлізі ±1 пайыздық тармақ болып белгіленді.
  • 6 наурызда Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін қабылдады. Мөлшерлеме қайтадан жылдық 18 пайыз деңгейінде, дәлізі ±1 пайыздық тармақ болып сақталды.
  • 24 сәуірде Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені тағы да өзгеріссіз қалдырды.
  • 5 маусымда Ұлттық банк екі жылда алғаш рет базалық мөлшерлемені төмендетті. Ол жылдық 18 пайыздан 17 пайызға түсті.
  • 24 шілдеде мөлшерлеме жылдық 17 пайыздан 16,75 пайызға дейін төмендетілді.
  • 4 қыркүйекте Ұлттық банк мөлшерлемені жылдық 16,75 пайыздан 16,25 пайызға түсірді.
  • 23 қазанда мөлшерлеме жылдық 16,25 пайыздан 15,75 пайызға дейін төмендетілді.
2026 жылғы базалық мөлшерлеме бойынша соңғы шешім 4 желтоқсанда жарияланады.