Ұлттық банк 2026 жылға арналған болжамдарын жаңартты. Соған сәйкес, Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 62,5 долларға бағаланып отыр. Яғни, қара алтын құны 1 доллар 30 центке арзандаған. Бірақ 2027 және 2028 жылдарға арналған болжамдар өзгеріссіз қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 31-арнаға сілтеме жасап.
Сарапшылар экономикалық және инфляциялық көрсеткіштерді де қайта қарап, түзетулер енгізген. Мәселен, биылғы жалпы ішкі өнімнің өсімі 0,1 пунктке, ал келесі жылғы 5 пайыздан 4,4 пайызға дейін төмендетілген.
Экономист Сапарбай Жобаев бұл мәжбүрлі қадам екенін айтты. Оның пікірінше, кейінгі жылдары экономикаға қысым көбейген. Әсіресе, геосаяси тұрақсыздық мәселені ушықтырып отыр. Өйткені Ресей-Украина, Қытай-АҚШ қарым-қатынасындағы дағдарысқа Ирандағы шиеленіс қосылған. Демек, Қазақстан мен Иран арасындағы азық-түлік, энергетика саласындағы байланыс тоқырауға ұшырауы мүмкін. Әрі Тегерандағы тұрақсыздықтың Ресей, Әзербайжан, тіпті Араб елдеріне де әсер ететінін ұмытпаған жөн. Бірақ бұл болжам ғана. Сәйкесінше, көрсеткіш төмендеуі де, керісінше ұлғаюы да ықтимал.
"Инфляция былтыр 12,5-13 пайыз болатын болса, келесі жылы сәл төмендейді деген едік. Бірақ салық реформасының өзі аз-маз инфляцияны 2-3 пайызға көтереді. Біз енді 8-9 пайызды мөлшерлегенбіз ғой. Соған болжамдағанбыз. Сол енді және 2-3 пайыз қосылып, 10,5-11-12 болуы мүмкін. Бек мүмкін. Бірақ біз оған үйреніп қалдық. Негізінен, азық-түлік халықтың осал жандарға, азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдері мынау коммуналдық төлемдер бірқалыпты болады", - деді экономист Сапарбай Жобаев.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz