Қазақстанда кәсібін дөңгелеткендердің қазақ тіліндегі қызметі ақсап тұр. Мәселен Алматыдағы "Немо" дельфинарийіне 9 бірдей бүлдіршінді ертіп барған Жазира Байдалы есімді қала тұрғыны қойылымның қазақ тілінде болмағанын айтып шағымданды. Оның сөзінше билетте қойылымның қай тілде көрсетілетіндігі жазылмаған. Тіпті қызметкерлер де қазақ тілінде қызмет көрсетпепті. Ал қазақ тілін талап еткен тұрғынның сөзіне мекеме басшылығы мардымды жауап бермеген. Ашынған азаматша мемлекеттік тілді мойындамаған мекеменің 2gis қосымшасының пікір алаңына қазақ тіліндегі сұрағын қайталап жазыпты. Ал "Немо" дельфинарийі өкілдері мұны "ҚР ҚК 174 бабының 1-бөлімі "Ұлтаралық алауыздықты қоздыру" деп бағалап, жауап қалдырған. Massaget.kz тілшісі мәселені зерттеп көрді.
"15:00-де ішке кірдік. Қойылым басталды. Басында 10 минут бойы сахна артынан мәтін оқылды. Орысша. Біз қойылымды күтіп отыра бердік. Сосын барып 2 итбалықпен тренер ортаға шықты. Өнерлерін көрсетті. Дыбыстық сүйемелдеме орысша болды. Содан кейін мен сыртқа шығып "Іште 9 баламыз отыр. Бәрі қазақша сөйлейді. Шоуларыңыз болса орысша. Қазақшасы жоқ па? Неге билетте "орысша" деп жазылмаған?" деп сұрақ қойдым. Жөнді жауап ала алмаған соң "Балалар отыра берсін, ал менің билетімнің ақшасын қайтарыңыздар, мен бұл шоуда отыра алмайды екем", - деп талабымды айттым дейді ол.
Біз мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін "Немо" дельфинарийіне бардық. Алғашында "Бастық ауырып жатыр" деп сылтауратқан қызметкерлер жауап беруден жалтарды. Бірақ әңгіме барысында бұл орталық "Украиналық делфинарий" екенін, ал Қазақстандағы бастығы ұйғыр азаматы екенін білдік. 2016 жылдан бері қызмет ететін бұл орталық күніне 3 мәрте қойылым көрсетеді екен. Ал қойылым қоюшы әртістердің бірі 2gis қосымшасындағы жазбасын былай түсіндіріп берді.
"Ол кісі бізге "неге қазақша сөйлемейсіңдер" деп айтты. Кейін 2gis қосымшасына жаза бастады. Біздің бастығымызға "Ресейге кетіңдер" деп айтты. Содан кейін мен ҚР қылмыстық кодексінде "Ұлтаралық алауыздықты қоздыру" деген бап бар екенін жаздым. Бірақ мен ол адамға жала жапқан жоқпын. Содан кейін ҚР Конституцясының 7-бабы, 2-тармағында көрсетілгендей "Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен тең дәрежеде орыс тілі ресми түрде қолданылатынын", яғни біздің орыс тілінде сөйлеуге құқығымыз бар екенін айттық", - дейді мекеме қызметкерлері.
"Тілдің құқығын қорғау ҚР ҚК 174 бабының 1-бөліміне жатпайды. Біріншіден ешқандай сараптама қорытындысы жоқ. Әр айтылған сөзде, жазылған мәтінде ұлтараздықты қоздыратын мән бар ма, жоқ па мұны сарапшылар анықтайды. Сарапшылар дәлелдейтін болса ол адам жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Екіншіден демалушы анонстан бағдарламаның орысша өтетінін білсе, қойылымға кірмегені дұрыс. Ал алдын ала тіл туралы ешқандай ақпарат айтылмаған қойылымдардан қазақ тілін талап етсе, шу шығарған адамның өзі кінәлі болатынын айтты. Сонымен қатар Қазақстан азаматтары қазақ тілін толық талап ету үшін қазақ тілі мен қатар орыс тілін қолдануға рұқсат деп көрсетілген ҚР Конституциясының 7-бабы, 2 тармағын алып тастау керегін жеткізді.
Қызметкерлердің сөзінен бөлек "Немо" дельфинарийінің инстаграмм парақшасында қазақ тіліндегі бірде-бір ақпаратты көрмедік. Осыған байланысты қызметкерлерге сұрақты төтесінен қойсақ та "біз әлеуемттік желіні орыс тілінде жүргізуге құқығымыз бар" деген жауап алдық. Қысқасы мекеме өкілдері бағдарламаның орысша екеніне де, парақшаларын тек орыс тілінде жүргізетініне де қысылып тұрмағанын байқадық.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!