Маңғыстауда Басқұдық ауылының тұрғындары қолқаны қабатын иіске тұншығып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елді-мекенде 40 мыңдай халық тұрады. Ауылдықтар жағымсыз иістен зардап шегіп, науқас болғандарын айтады. Тұрғындардың айтуынша, жағымсыз иіс кәріз тазарту станциясынан шығып жатыр.
"Жел болған кезде тұншығып, далаға шыға алмай қаламыз. Үйде отырамыз, терезелерді ашпаймыз. Таңдайымыз кеуіп, мұрнымыз бітеліп ауру болдық осы иістің кесірінен", - дейді ауыл тұрғыны Нұрлан Қарамырза.
Ауылда жағымсыз иістің пайда болғанына бірнеше жыл болған. Алайда тұрғындардың шағымына көңіл бөлген ешкім болмапты.
"Сасық иіс түнгі 03:00-04:00 -де шығады. Енді демалу мүмкін емес. Кәдімгі бүкіл ауылды алып кетеді ғой. Үлкендерге дем жетпейді, балалардың үстіне аллергия шығып жатыр. Біздің мәселемізге қарап, зерттеу жүргізуді талап етеміз", - дейді Басқұдық ауылының тұрғыны Арухан Ұбайдуллаева.
Қолқаны қабатын иістің қайдан шығатынын анықтау үшін, ауыл белсенділері құзырлы органдарға шағым жазған. Белсенді тұрғындардың пікірінше, иіс кәріз тазарту станциясынан келіп жатыр. Себебі, жуырда ғана экология департаменті "Қошқар ата" улы қалдықтар көліне кәріз тазарту жүйесінен нәжіс қалдығының тазартылмай төгілгенін анықтады.
Осы мәселе бойынша құзырлы мемлекеттік органдарға хабарластық. Маңғыстау облыстық энергетика басқармасының бөлім басшысы Анвар Туляковтың айтуынша, расында да экология департаменті құқық бұзушылықты анықтаған.
"Экология департаменті құқық бұзушылықты анықтаған. Алдағы уақытта онымен танысамыз. Бірақ, кәріз тазарту жүйесін жауып тастаса, қалдықты қайда төгеміз? Әрине, нәжіс қалдығы болған соң иіс болады. Барлық санитарлық нормаға сай жұмыс істейтін станцияның құрылысы 2025 жылы аяқталады. Ол үшін 11 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді", - дейді бөлім басшысы.
Маңғыстау облысы
Суреттер: Massaget.kz / Сая Мәжитқызы
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!