Астанада бала күтуші жұмыс берушінің алтын бұйымын ұрлап кеткен. 40 жастағы күдікті әйел ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Есіл аудандық полиция басқармасының қызметкерлері алтын бұйымдарды ұрлады деген күдікпен 40 жастағы әйелді анықтады.
Тергеу барысында әйелдің отбасында күтуші болып қосымша жұмыс істегені, ол жерде жарнама бойынша жұмысқа орналасқаны белгілі болды.
Үлкендер жұмыста болған кезде әйел пәтерден жалпы құны 180 мың теңге тұратын алтын сақина мен білезік тауып алған. Үй иелерінің қайтып келуін күткен ол зергерлік бұйымдарды өзімен бірге алып, жайбарақат пәтерден шығып кеткен. Әйел ұрланған алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп үлгерген екен. Тәртіп сақшылары ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, әйелдің осыған ұқсас бұрын жасалған басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Оның бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталғаны анықталды.
Ұрланған алтын бұйымдар тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға шақырады. Адамдарды жұмысқа қабылдау кезінде бұрынғы жұмыс орындарынан анықтама, сондай-ақ құжаттардың көшірмесін сұраңыз.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!