Экс-министр, мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Павлодарда сабақ ұзақтығының 40 минутқа қысқаруына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Павлодар облысының басшылары сабақтарды 30 минутқа дейін қысқартуды ойлап таппағанына шүкір! Бұндай логикамен, енді жаңа мектептер салмай-ақ, төрт ауысымға көшіп, миллиардтаған қаражатты үнемдеуге болар еді. Шынын айтқанда, Павлодарда сабақтарды қысқарту көптеген сұрақ туғызады.
Аймақтарда сабақтың ұзақтығын өздері шешіп, әкімдікке ыңғайлы кез келген жағдайда онлайн оқуға көшетін болса, оқу процесі мүлдем хаосқа айналады. Бағдарламалардың мазмұны, білім мақсаттары өзгермей, қалай сабақты қысқартуға болады? Бұл білім сапасына және барлық оқушыларға сапалы білім алу үшін тең жағдай жасауға үлкен проблемалар тудыратыны анық.
Қызық парадокс: бір жағынан, ел бойынша бірыңғай уақыт белдеуі енгізіліп жатыр, ал екінші жағынан – әр облыс сабақтың ұзақтығын өзі шешеді. Бірізділік қайда? Ғылымға негізделген шешім қайда?", – дейді Асхат Аймағамбетов.
Еске салайық, бұған дейін Павлодардағы барлық мектепте сабақ ұзақтығы қысқартылғаны хабарланған болатын. Енді сабақ ұзақтығы 40 минут болмақ. Қоңырау кестесі мектептердің толу деңгейіне қарай өзгертілген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!