Шығыс Қазақстан облысындағы Үлкен Нарын ауылында жер қазу жұмыстары кезінде топырақ опырылып, коммуналдық кәсіпорынның екі қызметкері қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға жарылып кеткен су құбырын жөндеу кезінде болған. Апаттан кейін қалпына келтіру жұмыстары барысында дәнекерлеуші мен слесарь көз жұмған. Екеуі де "Нарын КомХоз Сервис" коммуналдық кәсіпорнында жұмыс істеген.
Оқиға орнына ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов барды. Өңір басшысы еңбек қауіпсіздігі бойынша қолданыстағы регламенттерді қайта қарау қажет екенін айтты.
"Бейбіт күнде өндірістегі заңбұзушылық салдарынан адам өліміне жол беруге болмайды. (...) Әкімдік атынан қаза тапқандардың отбасыларына қайғыра көңіл айтамын және жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеймін. Сонымен қатар, тиісті ведомстволарға оқиғаның себебін мұқият тексеріп, кінәлілердің жауапкершілік дәрежесін анықтауды тапсырдым", – деді Сақтағанов.
Оқиғаны тергеу жөніндегі комиссияның төрағасы, бас еңбек инспекторы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, қайғылы жағдайдың себептері он күн ішінде анықталады. Қажет болған жағдайда бұл мерзім 30 күнге дейін ұзартылып, тиісті сала мамандары тартылады. Тергеу нәтижесі бойынша материалдар құқық қорғау органдарына және сотқа жолданады.
Ресми мәлімет бойынша қаза тапқандардың отбасыларына республикалық бюджеттен өтемақы және сақтандыру төлемдері беріледі. ШҚО әкімі марқұмдардың туыстарымен кездесіп, олар көмексіз қалмайтынын айтты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!