“Үлкен жолды бірге жүріп өттік“. Дәулет Тұрлыханов қызметінен кетті

Дәулет Тұрлыханов Қазақстан күрес федерациясының президенті қызметінен кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол 5 желтоқсанда федерацияның Instagram-дағы парақшасында жазды.

"Бүгін мен Қазақстан күрес федерациясының Президенті қызметін аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл сәтті мен терең алғыс сезімімен және ішкі тыныштықпен қабылдаймын. Бұл жеңістер – біздің біртұтас командамыздың еңбегі, күресіміздің болашағына сенген, табандылық танытқан, жанкештілікпен жұмыс істеген адамдардың ортақ жетістігі. Біз үлкен жолды бірге жүріп өттік, қазақ күресінің халықаралық аренадағы беделін нығайттық, ірі халықаралық турнирлерді жоғары деңгейде өткіздік және жас таланттарға жаңа мүмкіндіктер аштық", – деп мәлімдеді Тұрлыханов.

Федерацияның баспасөз қызметі ұйымның жаңа басшысы Еркін Оқасов болғанын мәлімдеді.

Оқасов – Батыс Қазақстан облысының тумасы, кәсіпкер. Бұған дейін Qazaq kuresi ассоциациясының вице-президенті қызметін атқарған.

Тұрлыханов туралы не белгілі?

Тұрлыханов Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті болып 2021 жылдың желтоқсанында сайланған еді. Оған дейін ол ұйымның вице-президенті болды.

Тұрлыханов – кеңестік және қазақстандық грек-рим күресінің балуаны, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1989), республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Сонымен қатар, ол 1989 жылғы әлем чемпионы, 1993 жылғы әлем вице-чемпионы, 1988 жылғы Еуропа, 1995 жылғы Азия чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс (1988) және қола (1992) жүлдегері, КСРО-ның сегіз дүркін чемпионы.

2023 жылғы наурыздан бері Мәжіліс депутаты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!