Танымал әнші Баянсұлу Сағындықованың бірнеше хит әнін жазғанын айтқан композитор Қуат Әбілов әлеуметтік желіде халыққа үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, өзіне тиесілі әндер үшін қаламақы төленбеген. Композитор мәселені шешпек болған сәтте керісінше сотқа шақырту қағазын алғанын айтты.
"Баянсұлу деген қыздарыңыз сотқа шақырып жатыр. Бізде үлкен бір мәселе болып жатыр", - деді ол.
Композитор әншінің ең танымал бес әнін жазғанын, десе де ұзақ уақыт бойы бұл еңбегі үшін ақы алмағанын жеткізді. Сондықтан ол бұған дейін әншінің YouTube-тағы бірнеше туындысын өшіртіп, орындауына шектеу қойған. Кейін әндер қайта жарияланған.
Қуат Әбіловтің айтуынша, Баянсұлу Сағындықова бұрынғы продюсерімен жұмысын тоқтатқан соң жаңа командасымен бірге қайта хабарласқан. Алайда композитор қаламақысын талап еткен кезде оған соттан шақырту келгенін мәлімдеді. Ол әділдік іздеп, көпшілікке жүгінді.
Әншінің өзі бұл жағдайға қатысты әзірге пікір білдірмеді. Алайда желі қолданушылары, танымал өнер адамдары композиторға қолдау көрсеткен:
"Мен саған "ақ көңілдігің бір күні зиян болып тиеді" деп қақсадым ғой, міне енді не болды?", "Бiреуге болсын, толсын деп жаның ашыса, осылай пышақ ұруға бола ма?", "Аға, еңбегіңіздің өтемі төленгенін талап етеміз".
Айта кетейік, Баянсұлу Сағындықова "Ұмытсам да", "Сондайым бар енді", "Ауа райы", т.с.с. әндерді орындайды. Бұған дейін жас әнші арнамызға эксклюзив сұхбат берген еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!