Үлкен Алматы көліне баратын жолда көлік қатынасына шектеу қойылды. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Медеу бөлімшесіне қарасты Үлкен Алматы орманшылығының маманы Мұрат Рысқұл мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында 46 туристік бағыт бар, оның 38-і жұмыс істеп тұр. Мұрат Рысқұлдың айтуынша, жазда тауға келетіндер күрт көбейетіндіктен, бақылауды күшейтуге тура келген.
"Жыл сайын жазда туристік бағыттарды бақылауды күшейтеміз, себебі келетін адам көп. Барлық қолданыстағы бағыт мемлекеттік инспекторлардың бақылауында. Негізгі міндет - туристердің жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету", - дейді Мұрат Рысқұл.
Үлкен Алматы көліне апаратын бағыт - адам ең көп баратын орынның бірі. Мұнда жеке көліктердің, мототехниканың, электрсамокат, электрвелосипед пен басқа да құралдардың жүруіне тыйым салынған.
"Көлге апаратын жол күрделі тау бедері арқылы өтеді, тас құлау қаупі бар учаскелер тіркелген. Көліктер көбейгенде жол апаты жиілеп кетуі мүмкін. Жалға алынған электркөліктері де осындай жағдайға жиі тап болады", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!