- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Үлкен Алматы айналма...
Үлкен Алматы айналма жолы пайдалануға берілді
Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы ресми түрде ашылды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Ашылу салтанатына Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Әлібек Қуантыров қатысты.
16 маусымда ресми ашылу салтанаты өтті. Жолды ҚР ІІМ жол комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ашты.
ҮАААЖ – Қазақстан тарихындағы бірінші концессиялық жоба. Бұл жолдың құрылысы осыдан үш жыл бұрын түрік-корей консорциумы негізінде басталған. Жоспар бойынша жоба 2024 жылы аяқталуы тиіс болатын. Дегенмен, ауқымды әрі қарқынды жұмыстың арқасында Концессионер жобаны мерзімінен бұрын жүзеге асыруға қол жеткізді.
Жиында ҚР Сыртқы істер министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин ҮАААЖ-ның ыңғайлылығы мен артықшылықтарына тоқталды. Оның айтуынша, Үлкен Алматы айналма жолы мегаполис пен қала маңындағы көшелердегі кептелістерді азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады. Сонымен қатар, жол негізгі магистральдарды босату және жолда кептелісті болдырмау арқылы Алматы қаласындағы көлік кептелісін азайтады.
"Бүгін еліміз үшін тарихи күн. ҮАААЖ – Орталық Азиядағы ең ірі инфрақұрылымды жоба. Бұл жол халық игілігі үшін жасалған. Сонымен қатар, аталмыш жоба мегаполис тұрғындары мен жергілікті халықтың еркін жүріп-тұруына септігін тигізеді", - деді Төлеген Абдуллин.
Ол шеттен келген жүк көліктері енді Алматыға кірмей айналып өте алатынын айтады.
"ҮАААЖ-ның маңызды жол екенін білесіздер. Ұзындығы 66 шақырым. Мысалы, таранзитті көліктер Хоргостен келсе, қалаға кірмей Ташкент ары қарай Ресейге шығып кете алады. Осы айналадағы тұрғындар қалаға кірмей басқа жерлерге бара алады. Оның үстіне жаңа облыс ашылды", - дейді Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.
Қала әкімі бұл жолдың ашылуы Алматының кептелісін 20 пайызға азайтатынын айтты.
"Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі жаңа бас жоспары аясында бүгінде ҮААЖ-на апаратын алты радиалды жол салынып жатыр. ҮААЖ-ның ашылуы көлік қозғалысын азайтады. Алматыдағы кептеліс орта есеппен 20 пайызға төмендейді. Бұл қаланың экологиялық жағдайын жақсартады. Алматылықтар үшін көлік қызметінің сапасына оң әсер етеді", - деді Алматы әкімі.
Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов заманауи жолды экономикалық және экологиялық тұрғыдан да пайдасы бар екенін айтады.
"Бірнеше жыл бұрын ғана қаржы келісіміне қол қойдық. Бұл жоба мерзімінен 15 ай бұрын аяқталды. Керемет жол, жүргізушілер ешқандай кедергісіз, шлагбаумдарсыз жүреді. Барлығы автоматтандырылған, бақыланып отырады. Заманауи цифрлы инфрақұрылым нысаннның экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан пайдасы бар. Алматы облысы тұрғындарын осындай керемет жолдың ашылуымен құттықтаймын. Жол елдің, халықтың пайдасына жұмыс істей берсін", - дейді ол.
Осылайша, ҮААЖ бойымен толыққанды автокөлік қозғалысы іске қосылды.
Үлкен Алматы айналма жолын (ҮААЖ) салу идеясы 15 жылдан астам уақыт бұрын талқылана бастады. Жоспар бойынша Алматыны айналып өтетін жол қала ішіндегі көлік кептелісін, транзитті көліктер санын азайтып, экологиялық жағдайды жақсартуы тиіс еді. Алайда, осы жылдар бойы құрылыс кешіктірілді: бастапқыда инвесторлар табылмады, ал 2009 жылы әлемдік қаржы дағдарысы басталып, жобаны қайтадан шегеруге тура келді.
Концессия механизмі бойынша жол инвестор қаражаты есебінен салынды. Енді ол 16 жыл кепілдікте болады. Айта кетерлігі, 66 шақырым қашықтағы жолды небәрі жарты сағатта басып өтуге болады. Көп жылдық тәжірибесі бар жүргізушілер жаңа жолға ризашылықтарын білдірді.
"ҮААЖ Алматы қаласы мен Алматы облысына қажет. Мен өзім жеке жүк тасымалымен айналысамын және Алматыдағы кептелістерді өз көзіммен көріп жүрмін. Жол пайда болғаннан кейін жүк тасымалдаушылар мен қарапайым тұрғындардың жүріп-тұруы және кептеліс мәселесін шешу оңайырақ болады", - дейді жүргізуші Михаил Драница.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа жолдың өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетін арттыратынын баса айтты.
"Магистраль Батыс Қытай-Батыс Еуропа транзиттік дәлізінің негізгі буынына айналуы тиіс, бұл бүкіл аймақтың экономикалық дамуына серпін береді. Жолдың ашылуы Алматының өзінде де, қала маңындағы жол желісіндегі көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік береді", - деді облыс әкімі.
Жобаны қаржыландыруға қатысқан Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы, сондай-ақ , Қазақстан Республикасы аумағында және бүкіл Еуразия аймағындағы көлік бағыттарын кеңейтудегі жолдың рөлі туралы айтты.
"ҮААЖ Шығыс-Батыс бағытында халықаралық автомобиль жолдарын байланыстырады және көлік байланысын жақсартуға және жүк тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектеседі. ҮААЖ аймағында тасымалданатын жүктің болжамды көлемі алдағы 15 жылда 87%-ға өсіп, 35,9 млн тоннаға жетеді", - деді Николай Подгузов.
Ресми бөлімнен кейін Үлкен Алматы айналма жолында автошеру ұйымдастырылды. 10 жүк көлігі, 10 автобус және ҮААЖ логотипі бар жеңіл көліктер тізіліп өтті. Жеңіл көліктер жаңа жолдың бойымен Қаскелең қаласына қарай жүрді.
ҮААЖ құрылысы 2018 жылы басталды. Аталмыш жол техникалық A-1 санатына жатады. Құрылысты Түркиядан Alarko және Makyol түрік-оңтүстік корей консорциумы және Оңтүстік Кореяның SK Ecoplant және Korea Expressway Corporation компаниясы жүргізді. Оның құрылысына жалпы 743 миллион доллар жұмсалды.
Т. Раушанұлы