"Ұлдарын көршісіне апарып, қызын ұрып өлтірген". Еріктілер 7 жастағы Милананың өліміне қатысты жаңа деректерді айтты
Екібастұзда анасының қолынан қаза тапқан жеті жасар Милана Давыдованың жерлеу рәсіміне қатысқан еріктілер әйелдің әрекеті туралы айтты. Күдікті әйел қызына тірісінде тыныштық бермепті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жерлеу рәсімін өткізуді марқұм оқушының нағашылары мойнына алған, бірақ туыстарының ешкіммен ашылып сөйлесуге зауқы жоқ.
Ал еріктілер іздеу кезінде және бүлдіршіннің мәйіті табылған сәттегі жайтты айтып берді.
Олардың сөзінше, әйелдің қызына қаталдық танытқанын екі бауыры айтып беріпті. Алты және тоғыз жастағы ұлдарына саусағының ұшын да тигізбеген, ал Милананы үнемі аямай сабаған көрінеді. Қылмыс болатын күні де ұлдарын көршісіне апарып тастап, қызын ұрып өлтірген.
Артынша "көңілдесіне" айтып, мәйітті үйілген қоқыс арасына көмдіріп тастаған. Баласының жоғалғанын айтып, сосын жұрттан көмек сұрапты. Қазір күдікті келіншек "сыбайласымен" бірге қамауда отыр. Екі баласын бейімдеу орталығына алып кетті.
Милананы атасы мен әжесінің жанына жерледі.
"Үлкен ұлы Милананы анасы үнемі ұратынын айтты. Бауырларының біреуі алты жаста, екіншісі тоғызда. Оларды бірден алып кетті. Ал анасы тергеушілердің "Қызыңды неге өлтірдің?" деген сауалына "Балаларым шаршатты, ешкімді тыңдамайды" деп ақталған. Баланы сол үшін өлтіруге бола ма?", - дейді ерікті Олеся Каноненко.
Еске салайық, 17 қарашада Павлодар облысының Бесқауға ауылында жеті жасар Милана Давыдова жоғалып кетті. Анасының айтуынша, қызын іздестіріп таба алмаған соң, ол полицияға хабарласқан.
Өңірде 500-ден аса адам: еріктілер, кинологтар қатысқан іздеу жұмыстары жүргізілді. Жүзден аса техника, сондай-ақ "Қазавиақұтқару" тікұшағы жұмылдырылды.
Павлодар облысына басқа қалалардан да еріктілер де барған.
Милана Давыдованың денесі 19 қарашада табылды. Жедел іздестіру және тергеу шаралары барысында кәмелетке толмаған қыздың жоғалуының мән-жайы мен себептері анықталды. Күдікті ретінде қыздың анасы мен оның танысы ұсталды.
Бүгін Милана Давыдовамен соңғы сапарға шығарып салуға жүздеген адам жиналды. Жерлеуге қыздың әкесі, жақын туыстары, еріктілер, жергілікті әкімдік өкілдері және Екібастұз тұрғындары қатысты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан