Жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша сот отырысында айыпталушы Сәуле Жұбаниязова сөз сөйледі. Ол кінәлі емес екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сөзінің басында Сәуле Жұбаниязова марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Оның сөзінше, МИБ (мүлік иелері бірлестігі - еск.) төрағасы қызметіне кіріскен кезде алдыңғы сенімді тұлғадан құжаттарды, соның ішінде тексеріс актісі мен түгендеу тізімін алмаған.
Сонымен қатар, Сәуле Жұбаниязова заңнама нормасына сүйеніп, төраға ауысқан кезде құжаттар, кілттер, тауарлық-материалдық құндылықтар, келісімшарттар және нысанды басқаруға қатысты өзге де материалдар берілуге тиіс екенін алға тартты.
Ол қайғылы оқиға болған кезде МИБ төрағасы ретінде жұмыс істей бастағанына бір жыл толмағанын айтты. Сондықтан ол жыл сайынғы тексеріс өткізудің белгіленген мерзімі бұзылған жоқ деген пікірде.
Сәуле Жұбаниязова осы уақытқа дейін МИБ төрағасы болып отырғанын айтты. Сондай-ақ, ол бұл үйде жақындарымен бірге өзі де тұратынын жеткізді.
"Мен тек МИБ төрағасы ретінде емес, қарапайым тұрғын ретінде де үйдің ақауы болмағанына мүдделімін, өйткені бұл үйде өзім, жақындарым тұрамыз. Бұл қасіреттен менің балаларым, анам, өзім де зардап шегуіміз мүмкін еді. Осыны біле тұра шара қолданбас па едім?!" - деді ол.
Сәуле Жұбаниязова аз уақыт ішінде өмірі түбегейлі өзгергенін айтып, соттан әділ шешім шығаруды сұрады.
"Құрметті сот, өзімді кінәлі санамаймын. Сіздер әділ, дұрыс шешім қабылдайтындарыңызға сенемін", - деді МИБ төрағасы.
Бүгін сот жарыссөзі басталғанға дейін сот отырысқа қатысушылардың барлық өтінішін тыңдады. Ұлдана Мырзуанның жұбайы жәбірленуші мәртебесінен бас тартпауды ұйғарды. Ұлдананың анасы соттан МИБ төрағасын бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Жәбірленушілер азаматтық талап арызын берді. Талап арыздың жалпы сомасы 45 миллион теңгеден асады.
Еске салайық, 2025 жылы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш қаптама құлаған болатын. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті.
23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан бригада құрамында оқиға орнына келген. Туыстарының айтуынша, қыз алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмекке ұмтылған. Дәл осы сәтте оның үстіне "кірпіштер мен кондиционер бекіткіші" құлаған.
Ауыр жарақат алған Ұлдана Мырзуан ауруханаға жатқызылды. Ол он күн бойы жансақтау бөлімінде өте ауыр хәлде жатты, алайда 2025 жылы 18 қарашада көз жұмды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!