Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс: сот барысы тосын жерден өзгерді

Астана соты 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық істі басқа қылмыстық іспен біріктіру мәселесін шешу үшін прокурорға жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында тек МИБ (мүлік иелері бірлестігі) төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты іс қаралған болатын. Сәуле Жұбаниязова Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттерге адал қарамау") бойынша айыпталды.

Бұған дейін сот жарыссөздері өтіп, бүгін айыпталушы соңғы сөзін айтуға тиіс еді. Алайда 1 қазанда процесс барысы өзгерді.

Қорғаушы тараптың өтініші бойынша сот сот тергеуін қайта бастады. Сотқа екі істі, яғни МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты іс пен құрылыс салушы компания және басқа да тұлғаларға қатысты істі біріктіру туралы өтініш түсті. Айыпталушы тарап бұл істерді бөлек қарау трагедияның мән-жайын толық зерттемеуге әкеп соғуы мүмкін деген уәж келтірді.

Сот бұл өтінішті қанағаттандырды.

"Сот МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық істі құрылыс салушы мен өзге де тұлғаларға қатысты басқа қылмыстық іспен біріктіру мәселесін шешу үшін прокурорға жолдады", - деді судья Меруерт Абаева.

Cот Сәуле Жұбаниязоваға қатысты бұлтартпау шарасын, яғни ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхатты өзгеріссіз қалдырды.

Cот отырысы

Айта кетейік, 18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.

Бұған дейін марқұмның жұбайы Әділет Зейнел Ұлдананың анасының пайдасына жәбірленуші мәртебесінен бас тартатыны айтылған еді. Алайда кейін сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

Айыпталушылар орындығында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова отыр.

Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттерге адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.

Мән-жайы

Еске салайық, 2025 жылы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш қаптама құлаған болатын. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті.

23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан бригада құрамында оқиға орнына келген. Туыстарының айтуынша, ол алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмекке ұмтылған. Дәл осы сәтте оның үстіне "кірпіштер мен кондиционер бекіткіші" құлаған.

Ауыр жарақат алған Ұлдана Мырзуан ауруханаға жатқызылды. Ол он күн бойы жансақтау бөлімінде өте ауыр хәлде жатты, алайда 2025 жылы 18 қарашада көз жұмды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!