Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот талқылауы жалғасып жатыр. Сотта қайғылы оқиға болған үйдің тұрғыны, куәгер Валерия Самсонова жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Валерия Самсонованың айтуынша, жүргізілген сараптама нәтижесінде үйге апат жағдайының төртінші дәрежесі беріліп, ол апат жағдайындағы нысан деп танылған. Куәгер кірпіш қалаудағы ақаулар, арматуралық тор, бекіткіштер мен ерітінді жоқ екенін айтты.
"Осы үйде 20 жылдан аса уақыт тұрып келемін, кез келген сәтте қабырға құлап кетуі мүмкін екенін білмеппін. Таңғалып тұрмын. Бастапқыда осындай ақаулар болса, бұл үйді қалай салып, қалай қабылдап алған?" - деді Валерия Самсонова.
Оның сөзінше, қасбет қаптамасы құлағаннан кейін үйдің қабырғаларында жарықтар пайда болған.
Тұрғын нысанның құрылымын қалпына келтіру және нығайту қажет екенін мәлімдеді. Оның сотта берген жауабына сүйенсек, тұрғындардың жұмыстарды өз күшімен жүргізуге қаражаты жеткіліксіз.
"Қазір қалпына келтірілмесе, жарық әрі қарай ұлғая береді. Тұрғындарда мұның бәрін жинайтындай ақша жоқ. Біз маман емеспіз ғой, үй бастапқыда дұрыс салынбағанын және осындай ақаулары бар екенін өзіміз анықтай алмаймыз", - деді ол.
Валерия Самсонова екінші кіреберіс нығайтылғаннан кейін бірінші кіреберісте де жарықтар пайда болғанын айтты.
"Қазір келіп көрсеңіздер болады, жарықтар бар. Ал бұған дейін мұндай жарықтар болмаған еді. Екінші кіреберісті нығайтқан соң бірінші кіреберісте де жарықтар пайда болды", - деді куәгер.
Cот отырысы
Айта кетейік, 18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.
Бұған дейін марқұмның жұбайы Әділет Зейнел Ұлдананың анасының пайдасына жәбірленуші мәртебесінен бас тартатыны айтылған еді. Алайда кейін сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Айыпталушылар орындығында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова отыр. Бұған дейінгі сот отырысында ол өзін кінәсіз деп санайтынын мәлімдеді.
Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттерге адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.
Мән-жайы
Еске салайық, 2025 жылы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш қаптама мен кондиционер бекіткіші құлаған болатын. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті.
23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан бригада құрамында оқиға орнына келген. Туыстарының айтуынша, қыз алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмекке ұмтылған. Дәл осы сәтте оның үстіне "кірпіш қаптамасы мен кондиционер бекіткіші" құлаған.
Ауыр жарақат алған Ұлдана Мырзуан ауруханаға жатқызылды. Ол он күн бойы жансақтау бөлімінде өте ауыр хәлде жатты, алайда 2025 жылы 18 қарашада көз жұмды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова