Ұлдана Мырзуанның күйеуі түскен ақша қайда жұмсалғанын айтты

Ұлдана Мырзуанның күйеуі түскен ақша қайда жұмсалғанын айтты
Фото: Tengrinews.kz

Астана сотында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша отырыс жалғасып жатыр. Бүгін марқұмның күйеуі Әділет Зейнел жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ер адамның айтуынша, жұбайын жерлегеннен кейін бірден Ұлдананың туған әпкесімен бірге елорда әкімдігіне шақырылған.

"Кездесуге Астана әкімі, оның орынбасары және мәслихат депутаттары қатысты. Әкімдік депутаттар мен қалғандарынан көмек сұрады. Бірінші болып мәслихат депутаты үн қатты, аты-жөні есімде жоқ. Ол 20 миллион теңгені өз қолымен тапсырды. Қолма-қол берді. Ешқандай қолхат жазбадық, ештеңеге қол қойған жоқпыз, ол жерде журналистер болған жоқ. Ол жаққа Ұлдананың туған әпкесі Ақнұрмен бірге бардым. Екеуіміз бірге болдық", - деді Әділет Зейнел.

Ол ақшаны әкім емес, аты-жөнін білмейтін депутат бергенін жеткізді. Сондай-ақ, марқұмның күйеуі ақша қалай жұмсалғанын айтты.

"Үш күн ішінде көліктің несиесін төледім. Кейін банкке бардық. Ол жерде Ұлдананың шоттары толық бұғатталғанын, несиелерді тек 6 айдан кейін жабуға болатынын айтты. Алдын ала сома - шамамен 4 миллион 300 мың теңге (...) Қалған 9 миллион 200 мың теңгені көліктің несиесіне жұмсадық, кейін 4 миллион 500 мың теңге Ұлдананың анасына берілді. Содан кейін құдайы тамақ, қой сою сияқты ұсақ-түйек шығындарға кетті", - деді ер адам.

Сондай-ақ, ол жерлеу рәсімін ұйымдастыру мен шығындарын Ұлдана жұмыс істеген жедел жәрдем қосалқы станциясы мен оның директоры толық өз мойнына алғанын айтты.

Cот отырысы

Айта кетейік, 18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.

Бұған дейін марқұмның жұбайы Әділет Зейнел Ұлдананың анасының пайдасына жәбірленуші мәртебесінен бас тартатыны айтылған еді. Алайда кейін сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

Айыпталушылар орындығында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова отыр. Өткен сот отырысында ол өзін кінәсіз деп санайтынын мәлімдеді.

Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттерге адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.

Мән-жайы

Еске салайық, 2025 жылы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш қаптама мен кондиционер бекіткіші құлаған болатын. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті.

23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан бригада құрамында оқиға орнына келген. Туыстарының айтуынша, қыз алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмекке ұмтылған. Дәл осы сәтте оның үстіне "кірпіш қаптамасы мен кондиционер бекіткіші" құлаған.

Ауыр жарақат алған Ұлдана Мырзуан ауруханаға жатқызылды. Ол он күн бойы жансақтау бөлімінде өте ауыр хәлде жатты, алайда 2025 жылы 18 қарашада көз жұмды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget