Фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнел сотта жауап берді. Ер адам қайғылы жағдай болған күн туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әділет Зейнелдің сөзінше, сол күні Ұлдана екеуі Қосшы қаласындағы үйінен Астанаға жұмысқа бірге шыққан. Ұлдана Байқоңыр ауданының жедел жәрдем бригадасында, ал Әділет бірінші қалалық ауруханада кезекшілікке тұрған.
Кейінірек Ұлдана күйеуіне шақыртуға шыққанын хабарлап, науқасты оның ауруханасына жеткізуі мүмкін екенін ескерткен.
"Сағат 10:50 шамасында қалалық аурухананың ішкі телефоны арқылы маған әйелім бірінші қалалық аурухананың қабылдау бөлімінде жатқанын хабарлады. Төменге түсіп, оны тануымды өтінді. Қалжың деп ойладым. Өйткені ол маған бұған дейін жазған болатын, мен жауап бермей, жұмысымды жалғастыра бергенмін", - деді Әділет Зейнел.
Кейінірек ер адамға осы ауруханада бұрын жұмыс істеген анасы хабарласып, Ұлдана палатада жатқанын айтқан.
Ота жасау блогынан қабылдау бөліміне түскен Әділет Зейнел зардап шеккен адам өз әйелі екенін таныған. Ер адамның айтуынша, ол ес-түзсіз, қан-жоса күйде жатқан.
Айта кетейік, 18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.
Бұған дейін марқұмның жұбайы Әділет Зейнел Ұлдананың анасының пайдасына жәбірленуші мәртебесінен бас тартатыны айтылған еді. Алайда кейін сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Айыпталушылар орындығында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова отыр. Өткен сот отырысында ол өзін кінәсіз деп санайтынын мәлімдеді.
Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттерге адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.
Еске салайық, 2025 жылы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш қаптама мен кондиционер бекіткіші құлаған болатын. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті.
23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан бригада құрамында оқиға орнына келген. Туыстарының айтуынша, қыз алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмекке ұмтылған. Дәл осы сәтте оның үстіне "кірпіш қаптамасы мен кондиционер бекіткіші" құлаған.
Ауыр жарақат алған Ұлдана Мырзуан ауруханаға жатқызылды. Ол он күн бойы жансақтау бөлімінде өте ауыр хәлде жатты, алайда 2025 жылы 18 қарашада көз жұмды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз