Бүгін Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша сот процесі басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот отырыстары тікелей эфирден көрсетіледі.
"Сот талқылауына қоғамдық қызығушылық артуын, сот процесіне қатысушылардың пікірін, сондай-ақ, жәбірленуші тараптың өтінішхатын ескеріп, сот осы іс бойынша ашық сот отырыстарының онлайн трансляциясын ұйымдастыруға қаулы етті", - деп жазылған Жоғарғы соттың хабарламасында.
Сот процесін Жоғарғы соттың YouTube арнасынан көруге болады.
Мән-жайы
Еске салайық, 2025 жылы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш қаптама мен кондиционер бекіткіші құлаған болатын. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті.
23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан бригада құрамында оқиға орнына келген. Туыстарының айтуынша, қыз алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмекке ұмтылған. Дәл осы сәтте оның үстіне "кірпіш қаптамасы мен кондиционер бекіткіші" құлаған.
Ауыр жарақат алған Ұлдана Мырзуан ауруханаға жатқызылды. Ол он күн бойы жансақтау бөлімінде өте ауыр хәлде жатты, алайда 2025 жылы 18 қарашада көз жұмды.
18 тамызда осы іс бойынша сот отырысы басталды. Айыпталушылар орындығында қайғылы жағдай болған үйдің МИБ (мүлік иелері бірлестігі) төрағасы отыр.
Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттерге адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.
© Tengrinews.kz/Нұрлан Алжабаев
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова