- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Уланып біттік". Экология...
"Уланып біттік". Экология департаменті Әйтей ауылындағы қоқыс иісіне қатысты жауап берді
Алматы облысы Әйтей ауылының тұрғындары қоқыс алаңы жабылуын талап етіп, 30 жылдан бері бұдан зардап шеккендерін айтқан болатын. Осы мәселеге байланысты Алматы облысы Экология департаменті өкілдері жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде Сәуле Бикитеева есімді желі қолданушысы да қалалық полигонның халыққа тигізген зиянын айтқан еді. Оның сөзінше, қоқыс сұрыпталмағандықтан, ыстықта күлімсі иістен жүру мүмкін емес.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ведомство мәліметінше, Қарасай ауданының қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны - KAZ Waste Conversion ЖШС Алматыдан 28 шақырым қашықта, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Әйтей ауылдық округінің аумағында, Алматы-Бішкек тасжолынан солтүстікке қарай 2,3 шақырым жерде орналасқан.
"Бұл ҚТҚ полигоны Қарасай ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі мемлекеттің мекемесінің теңгерімінде, 2014 жылғы 24 ақпандағы №410 санды жер учаскесін жалға алудың үлгілік шартына сәйкес KAZ Waste Conversion ЖШС жалға алған", - делінген хабарламада.
Департамент KAZ Waste Conversion ЖШС 2016 жылғы 21 қазанда мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындыларын, 2020 жылғы 1 қаңтарда қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат құжаттарын, сондай-ақ, 2021 жылғы 9 қарашада мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысымен қоса, қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат құжатын рәсімдегенін анықтаған.
Дегенмен бұған дейін де департамент тарапынан KAZ Waste Conversion ЖШС-не қатысты Экология кодексінің 320-бабының талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 344-бабының 2-тармағы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, қысқартылған тәртіппен жалпы сомасы 172 500 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Сонымен қатар, департамент тарапынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің хаты негізінде KAZ Waste Conversion ЖШС-не Экология кодексінің 320, 325, 327, 336-баптарының талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 344-бабының 2 және 3-тармақтары бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, қысқартылған тәртіппен жалпы сомасы 690 000 теңге көлемінде айыппұл салынған
"KAZ Waste Conversion ЖШС-нің өкіліне алдағы уақытта осындай заңбұзушылықтарға жол бермеу қажет екені ескертіліп, заңбұзушылықтарды жоюға бағытталған тиісті шаралар қабылдау туралы тапсырма берілді. Департамент тарапынан жоғарыда айтылған мекемеге 2022 жылы және 2023 жылдың өткен мерзімінде профилактикалық бақылау мен жоспардан тыс тексерістер жүргізілмегенін хабарлаймыз", - делінген ведомство мәліметінде.
Еске салайық, бұған дейін Әйтей ауылының тұрғындары қоқыс иісіне тұншығып отырғаны хабарланған еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова