"Неге жерімізді, елімізді, табиғатымызды құртып жатырмыз?" Әлеуметтік желіде әлем-жәлем қоқыс полигонының арасынан бейнежазба түсірген желі қолданушысының жанайқайы бұл. Қоқыс полигонында сұрыптаудың жоқтығы, экологиялық талаптардың сақталмауы сынды бірқатар мәселелердің барын тілге тиек етті. Ал ауылдарының іргесінде орналасқан полигоннан 30 жылдан бері зардап шеккен Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылының тұрғындары қоқыс алаңының жабылуын талап етіп отыр. Massaget.kz тілшісі оқиға орнына барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.
Сәуле есімді желі қолданушысы қалалық полигонның қарапайым халыққа тигізген зиянын тәптіштеп айтып берді. Сұрыптаудың жоқтығынан күн ыссыда күлімсі иістен жүру мүмкін емес дейді ол.
"Неге осы қоқыс полигонымен ешкімнің шаруасы жоқ? Көріп отырғандарыңыздай ешқандай норма сақталып жатқан жоқ. Бұл былықты неге бәрі көрмегендей болып отыр? Неге жерімізді, елімізді, табиғатымызды құртып жатыр? Иісінен демалу деген мүмкін емес. Сұрыптау жоқ, қопсыту жоқ. 30 жыл болды осы полигонға. Жүрегім ауырып кетті. Бұл біздің ұрпағымызға қалатын жер ғой! Неге балаларымызға таза жер қалдыра алмаймыз?" - деп жазды ол.
"Жел болғанда иісі ауылды алып кетеді. 15 жылдан бері тұрып жатырмын. Біз келгенде бұл қоқыс бар еді. Халыққа да, бала-шағаға да бәріне зиян. Иіс деген көктем мен күзде қатты болады. Жаңбырдан кейін демалу мүмкін емес. Өткен жылы Абай, Жаңатұрмыс барлық ауылды алып кетті. Таңертең тұрғанда қатты иіс келіп тұрады. Терезені аша-алмаймыз. 30 жыл болды, қоқыс төгуді доғару керек. Экологиялық талаптар мүлде сақталып жатқан жоқ. Әбден уланып біттік", - дейді Қайрат есімді Әйтей ауылының тұрғыны.
"Бұл 90 жылдан бері жұмыс істеп жатқан полигон. Бізге әкімдіктен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктен, экология басқармасынан тексерушілер келеді. Біз беталды қоқысты өртеп, заңға қарсы әрекеттер жасап жатқан жоқпыз. Құжаттарымыздың барлығы дұрыс. Жылына 4 мәрте экологиялық тексерістен өтеді. Біз көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 700 тал ектік. Заң бойынша қабылданған қоқыстың бәрі көміледі", - дейді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!