- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Уланып біттік". Әйтей...
"Уланып біттік". Әйтей ауылының тұрғындары қоқыс иісіне тұншығып отыр
"Неге жерімізді, елімізді, табиғатымызды құртып жатырмыз?" Әлеуметтік желіде әлем-жәлем қоқыс полигонының арасынан бейнежазба түсірген желі қолданушысының жанайқайы бұл. Қоқыс полигонында сұрыптаудың жоқтығы, экологиялық талаптардың сақталмауы сынды бірқатар мәселелердің барын тілге тиек етті. Ал ауылдарының іргесінде орналасқан полигоннан 30 жылдан бері зардап шеккен Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылының тұрғындары қоқыс алаңының жабылуын талап етіп отыр. Massaget.kz тілшісі оқиға орнына барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сәуле есімді желі қолданушысы қалалық полигонның қарапайым халыққа тигізген зиянын тәптіштеп айтып берді. Сұрыптаудың жоқтығынан күн ыссыда күлімсі иістен жүру мүмкін емес дейді ол.
фото/видеодан алынған кадр
"Неге осы қоқыс полигонымен ешкімнің шаруасы жоқ? Көріп отырғандарыңыздай ешқандай норма сақталып жатқан жоқ. Бұл былықты неге бәрі көрмегендей болып отыр? Неге жерімізді, елімізді, табиғатымызды құртып жатыр? Иісінен демалу деген мүмкін емес. Сұрыптау жоқ, қопсыту жоқ. 30 жыл болды осы полигонға. Жүрегім ауырып кетті. Бұл біздің ұрпағымызға қалатын жер ғой! Неге балаларымызға таза жер қалдыра алмаймыз?" - деп жазды ол.
Ал Әйтей ауылының тұрғындары 30 жылдан бері ауылдарының дәл іргесіндегі қалалық полигоннан зардап шегіп келеді. Тұрғындардың айтуынша күніне 80-ге тарта жүк көлігі келеді екен. Қоқысты тау қылып үйіп жатқандықтан экологиялық жағдай сақталмайды деп отыр.
"Жел болғанда иісі ауылды алып кетеді. 15 жылдан бері тұрып жатырмын. Біз келгенде бұл қоқыс бар еді. Халыққа да, бала-шағаға да бәріне зиян. Иіс деген көктем мен күзде қатты болады. Жаңбырдан кейін демалу мүмкін емес. Өткен жылы Абай, Жаңатұрмыс барлық ауылды алып кетті. Таңертең тұрғанда қатты иіс келіп тұрады. Терезені аша-алмаймыз. 30 жыл болды, қоқыс төгуді доғару керек. Экологиялық талаптар мүлде сақталып жатқан жоқ. Әбден уланып біттік", - дейді Қайрат есімді Әйтей ауылының тұрғыны.
Тұрғындардың мазасын алған қалалық полигонға біз де бардық. Алайда жеке меншікке тиесілі жер болғаннан кейін ішіне кіру мүмкін болмады. Қызметкерлер компания басшылығынан рұқсат қағаз болмаса, кіргізбейтінін айтып қасарысып тұрып алды. Полигонның Нұрлан есімді қызметшісі барлығы заң аясында екенін жеткізді.
"Бұл 90 жылдан бері жұмыс істеп жатқан полигон. Бізге әкімдіктен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктен, экология басқармасынан тексерушілер келеді. Біз беталды қоқысты өртеп, заңға қарсы әрекеттер жасап жатқан жоқпыз. Құжаттарымыздың барлығы дұрыс. Жылына 4 мәрте экологиялық тексерістен өтеді. Біз көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 700 тал ектік. Заң бойынша қабылданған қоқыстың бәрі көміледі", - дейді ол.
Ал қоқыстарды сұрыптау процесі "Қалалық қоқыс қалдықтарын сұрыптау кешенінде" жүреді екен. Ал бұл қоқыс полигонында ешқандай іріктеу жұмыстары жүрмейтінін айтты. Алайда тұрғынның түсірген бейнежазбасынан қоқыстың барлығы баттасып жатқанына аңғару қиын емес.
Алматыда қоқыс мәселесі ауқымды проблемаға айналып келеді. Жеріміздің кеңдігін кәсіптің көзіне айналдырған азаматтардың кесірінен қоқыс полигондары көбейді. Мәселен 2022 жылдың өзінде бір ғана Алматы облысында 351 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталған. Заңсыз жасағандары өз алдына, заң аясында қызмет еткендерге де бұқараның өкпесі қара қазандай. Сондықтан елдің амандығы үшін экологиялық қауіпсіздік басты назарда болуы тиіс.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов