ҰҚШҰ-ның төрағалығы Қырғызстанға өтті - Тоқаев сессияны қорытындылады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) сессиясында халықаралық және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылап, Қазақстанның төрағалығы кезіндегі жұмыс нәтижелерін қорытындылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Биыл Қазақстанның төрағалығымен ҰҚШҰ аясында шамамен 60 іс-шара ұйымдастырылды. Халықаралық аренада келісілген ұстанымдарды ілгерілету үшін серіктестермен бірлесіп жұмыс істедік. Бұл жылдың ішінде қабылданған саяси құжаттар, соның ішінде халықаралық ақпараттық қауіпсіздік, ғарыш саласындағы ынтымақтастық және Таяу Шығыстағы жағдайлар бойынша мәлімдемелер ерекше назар аудартты", - деді Тоқаев.

Президент атап өткендей, Қазақстанда ҰҚШҰ-ның бірқатар ірі әскери оқу-жаттығулары өтті. Олардың қатарында "Мызғымас бауырластық - 2024" және "Жартас - 2024" атты жаттығулар бар. Бұл шаралар қауіпсіздік жүйесінің әскери дайындығын жетілдіруге және бітімгершілік контингенттердің қабілетін арттыруға бағытталды.

Сонымен қатар Тоқаев ҰҚШҰ-ның биылғы жылы заңсыз қару-жарақ айналымына, ұйымдасқан қылмысқа және халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша жаңа консультациялар өткізгенін атап өтті. Тәжік-Ауған шекарасын нығайту бойынша көптен бері талқыланған мақсатты бағдарлама қабылданғаны да сөз болды. Президент Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге ерекше назар аударғанын айтып, ардагерлердің ерлігін есте сақтаудың маңызды екенін жеткізді. Осыған орай, мерейтойға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.

Жапаровтың сөзі

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан төрағалығындағы басымдықтардың серіктестердің қолдауымен жүйелі түрде жүзеге асқанын және алдағы уақытта да бұл бағытта жұмыс жалғасатынын мәлімдеді. Сессия барысында төрағалықты Қырғызстанға беру рәсімі өтті, ал Садыр Жапаров ұйымның алдағы басымдықтарын жариялады.

"Біз үшін 2025 жылы Қырғызстанның ҰҚШҰ төрағалығын қабылдау үлкен мәртебе. Қырғызстан бұл жауапты міндетті абыроймен атқарып, ұйымның дамуына бағытталған барлық қажетті шараларды қолға алатын болады. Біз сіздердің қолдауларыңызбен Еуразия кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында үлкен жетістіктерге жетеміз деп сенемін", - деді Садыр Жапаров. 

Еске салайық, 27 қараша күні Астанаға Ресей Федерациясының президенті Путин мемлекеттік сапармен келді. Путинді Мемлекет басшысы әуежайдан өзі күтіп алды.  Кейіннен одаққа мүше өзге елдердің де президенттері бас шаһарға келді. 

Саммитке кімдер мүше?

Қазір ҰҚШҰ құрамында Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Ресей және Тәжікстан кіреді. 2026 жылға дейін ұйымның бас хатшысы қызметін Иманғали Тасмағамбетов атқарады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!