Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер Арменияны бірлестік бойынша одақтас деп санайды. Бұл туралы ҰҚШҰ бас хатшысы Таалатбек Масадықов РИА Новости агенттігіне мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Армения басынан бері ұжымдық әлеуетті нығайтуға лайық үлес қосып келе жатқан белсенді әрі үйлесімді мүше мемлекет болды, сондықтан ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер бұл елді әлі де ұйым бойынша одақтас ретінде қарастырады", - деді Масадықов.
Ол ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің армян тарапының бірлескен жұмысқа толыққанды қатысуын қайта бастауға қатысты барлық мәселені Ереванмен талқылауға дайын екенін бірнеше рет растағанын еске салды.
Ереван 2024 жылғы ақпанда ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтатты. Армения премьер-министрі Никол Пашинян сол кезде елдің бірлестік құрамында қала беретінін, бірақ оған қатысуын тоқтата тұратынын жариялаған болатын. Пашинянның пікірінше, ұйым 2020 жылы Таулы Қарабақтағы қақтығыстың ушығуына байланысты өз міндеттемелерін орындамаған.
2024 жылғы қарашада Пашинян Астанада өткен ҰҚШҰ саммитіне қатыспады. Ал 2025 жылғы шілдеде армян премьері Ереван ұйымдағы мүшелігін қайта бастағаннан көрі, ҰҚШҰ-дан шығуды көбірек қолдайтынын айтқан.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз