Интерпол дүйсенбіде Монакода болған жарылысқа байланысты Украина азаматшасына халықаралық іздеу жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап.
39 жастағы Анастасия Березовская украиналық олигарх Вадим Ермолаевты өлтіруге оқталды, қоғамдық орында қылмыстық мақсатпен жарылғыш зат орнатты және қылмыстық сөз байласты деген күдікке ілінді.
Жарылыс салдарынан бірнеше адам жарақат алған. Олардың арасында 2023 жылы Ресеймен байланысы үшін Украина санкциясына іліккен Ермолаевтың өзі де бар. БАҚ мәліметінше, оның әйелі мен ұлы да зардап шеккен.
"Қызыл хабарлама" – әлем елдерінің құқық қорғау органдарына адамды іздеу және уақытша ұстау туралы жолданатын сұрау. Алайда ол халықаралық қамауға алу ордері емес.
Іздеу бағдарында Березовскаяның неміс тілінде сөйлейтіні, шашы қара екені және оң қолының жоғарғы бөлігінде жыланға ұқсас татуировкасы болуы мүмкін екені көрсетілген.

Le Figaro газетінің мәліметінше, прокуратура Березовскаяның ізіне бейнебақылау камераларындағы жазбалар арқылы шыққан. Бір күн бұрын Монако прокуратурасы қастандыққа қатысты жаңа деректерді жариялады.
Монако прокурорының орынбасары Морган Рэймонд баспасөз мәслихатында бомба қашықтан, пульт арқылы іске қосылғанын мәлімдеді. Журналистерге күдіктінің Мулен алаңындағы орындықта отырғаны, кейін кешкі астан қайтып келе жатқан жәбірленушілер тұратын ғимараттың қасына жарылғыш зат қойғаны айтылды.
"Ол үш жәбірленушінің де орнында тұрғанына көз жеткізу үшін артына бұрылып қараған. Содан кейін жарылғыш затты қашықтан іске қосқан", – деп мәлімдеді прокуратура. Сондай-ақ күдіктінің жарылысқа дейінгі күндері бірнеше рет барлау жүргізгені айтылды.
Кейін тергеушілер күдікті пайдаланған болуы мүмкін Германия нөмірі тағылған көлікті тапты. Березовская өзі тұратын елге қашып кеткен бағыты да анықталды.
Рэймондтың айтуынша, оның кейінгі белгілі мекенжайы Германияда орналасқан. Бейсенбіде тергеу аясында неміс полициясы Франкфурт маңынан жалға алынған Березовскаяның пәтерінде тінту жүргізді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz