Украинадағы соғысты қолдаған депутаттың мәселесі партия кеңесінде қаралады

Украинадағы соғысты қолдаған депутаттың мәселесі партия кеңесінде қаралады
Фото: parlam.kz

Ресей президентін және оның Украинаға басқыншылығын қолдаған Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаевтың мәселесі партияның ұлттық кеңесінде қаралатын болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев мәлімдеді. Оның сөзінше, депутаттың сөзіне баға беру үшін партия ұлттық кеңесі пленумын шақырған.

"Азамат Әбілдаевтың сөздері "Ақ жол" партиясының позициясына қарама-қайшы және сонымен қатар партиялық және де депутаттық этиканы да бұзып тұр. "Ақ жол" партиясы қашан да республикамыздың және басқа да дос мемлекеттердің тәуелсіздігі мен жер тұтастығын құрметтейді және қолдайды. Депутаттардың тәртіп мәселесін қарастыру партияның ұлттық кеңесінің құзыретіне кіретіндіктен, депутат Азамат Әбілдаевтың сөзіне саяси баға беру және мәселесін қарау үшін ертең партияның ұлттық кеңесінің пленумы шақырылды", - деп жазды Азат Перуашев.

Еске салайық, бүгін, 18 қаңтарда Мәжіліс депутаты "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Ресей президенті Путинді қолдайтынын айтқан. Ол сонымен бірге Ресейдің Украинаға басқыншылығын "арнайы операция" деп атады. 

Депутат бұған қоса, Украина президенті Владимир Зеленскийді жуырда өз халқы ұстап, сотқа беретінін және дәл осылай ойлайтын Парламентте екі-үш депутат барын айтты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан