Украинадағы соғыс: Ресейді қазақстандықтардың қанша пайызы қолдап отыр?

Украинадағы соғыс: Ресейді қазақстандықтардың қанша пайызы қолдап отыр?
Фото: elements.envato.com

MediaNet халықаралық журналистика орталығының жанындағы DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы "қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы" деген атаумен сауалнама жариялаған. Онда қазақстандықтар Ресей мен Украина арасындағы соғыс туралы пікір білдірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сауалнамада азаматтардың жасы, жынысы, ұлты, қайда тұратыны сұралады. Бұған дейін берілген жауаптарға назар аударсақ, сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі - 30-39 жас аралығындағылар. Сонымен қатар, олар облыс орталығының тұрғындары екені әрі қазақтар екені көрінеді. 

Сауалнамаға қатысушылардың 44 пайызы Украинадағы жағдайды кейде қарайтынын айтқан, ал 38 пайызы мүлде қарамайтынын, 18 пайызы күнделікті қарайтынын жеткізген. Украинада не болып жатқанын қандай ақпарат көздерінен білетіні туралы сауалнамаға қатысқандардың 417-сі YouTube деп жауап берген. Бұл қатарда таныс-туыс, ресейлік телеарна, қазақстандық телеарна, Telegram деген секілді де жауаптар бар. 

Сауалнама сұрақтарының ішінде "төмендегі нұсқалардың қайсы Украинадағы жағдайды нақты суреттейді" деген сауал бар. Оған қазақстандықтар былай жауап берген:

- Ресей Украинадағы нацистерге қарсы арнайы әскери операция жүргізіп жатыр 185 (15 пайыз)
- Ресей оккупация жасау үшін және басып алу үшін Украинаға қарсы соғыс жүргізіп жатыр 231 (22 пайыз)
- Ресей Украина территориясында Батыс және НАТО елдерімен соғысып жатыр 211 (18 пайыз)
- Нақты жауап бере алмаймын 483 (45 пайыз)

Сонымен қатар, сауалнамада қазақстандықтардан бұл соғыста кімнің ұстанымын қолдайтыны сұралған. Бірақ басым көпшілігі (657, 59 пайыз) бейтарап пікірде қалған.

Сауалнама сұрақтарының ішінде соғысқа қатысты қандай гипотеза жасайтыны туралы да сауал бар. Мұнда да кейбіреулер Ресей жеңетінін, кейбіреулер Украина жеңетінін айтқан. Ал көпшілігі (587 53 пайыз) тараптар келісімге келетінін жеткізген.

Қазақстандықтардың көпшілігі (268 25 пайыз) мобилизациядан кейін келген ресейліктерді қолдамайтынын айтқан. Олар оның себебі ретінде мына жауаптарды таңдаған:

- Жалға берілетін пәтер, қызметтер мен азық-түлік бағасы қымбаттады 117 (31 пайыз)
- Мигранттар мен жергілікті мамандар арасында бәсекелестік пайда болады 15 (4 пайыз)
- Мигранттардың арасында ниеті жамандар, “орыстардың жақтастары” болуы мүмкін 118 (30 пайыз)
- Басқа 149 (35 пайыз).

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова