1 сәуірде Украина парламенті № 7198 заң жобасын тіркеді, бұл құжат: "қарулы қақтығыс салдарынан баспанасы толық әрі жартылай зақымданған Украина азаматтарына шығынды өтеу" деп аталады. Осы заң аясында билік Украина тұрғындарына бомба мен зымыраннан қираған баспана құнын төлеу жағын қарастырмақ, - деп хабарлайды "Хабар 24".
Алайда, телеарна мәліметінше, жүз мыңдаған украиналыққа он миллион шаршы метрден асатын баспана салып беру соғыс бүгін тоқтай қалған күннің өзінде мүмкін емес, сондықтан Жоғарғы рада үйлері жартылай қираған азаматтарға өтемақы төлеу мәселесін талқылап жатыр.
"Украина Үкіметі мен депутаттық корпус - халықаралық қауымдастықтан, оның ішінде батыстан донорлық көмек ұйымдастыру мәселесін қарастырып отыр. Мұнда 150 мың баспана тұрғызу мәселесі жиі айтылады, өңірлік даму министрі де осы санды үнемі алға тартады. "Маршал жоспары" аясында да баспанасы толық қираған украина азаматтарына үй салып беру осы бағытта іске асуы мүмкін", - дейді экономист, Ұлттық банк сараптамалық платформасының экс координаторы Андрей Блинов.
Құрылысшылардың көбісі соғыстың алғашқы шебінде жүр, сондықтан Украинада қазір маман жетіспейді, оның үстіне ай сайынғы бюджет тапшылығы бестен сегіз млрд еуроға жеткен, бұл - қаражаттың көп бөлігі қорғаныс саласына құйылып жатыр деген сөз. Сондықтан жаңа үйді украиналықтар жылдап күтуі мүмкін. Ал бұл қоғамда наразылық тудырып, мәжбүрлі миграция санын еселей түсуі ықтимал. Экономистердің сөзінше, мұның алдын алу үшін билік жаңа үйден бұрын, өтемақы мәселесін алдағы бір айда шешуі тиіс.
"Бүгінде украиналықтар қираған үйлеріне қайтып келіп, қарызданып болса да жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда олар биліктен өтемақы күтеді. Билік құр уәде берумен шектелсе, қоғам тағы дүрлігуі мүмкін не болмаса жұмысы жоқ, үйі жоқ украиналықтар жаппай шет елге көше бастауы мүмкін", - дейді экономист, Ұлттық банк сараптамалық платформасының экс координаторы Андрей Блинов.
Парламенттегі № 7198 заң жобасы қыркүйек айында тағы талқылауға түспек. Бастапқы кезеңде Украинаның әр аймағындағы 36 мың пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаражат бөлу мәселесі қарастырылмақ. Толығымен жаңа үй салып беру жайлы билік талай рет айтқанмен, соғыс жағдайында бұл мүмкін емес. Өйткені елде қаражат та, құрылысшы да, құрылыс материалдарды да тапшы.