Украинадағы соғыс: АҚШ қалай көмектесетіні белгілі болды

Куәгерлер Николаев пен Запорожьеде жарылыс болғанын айтқан. Сондай-ақ, Украина президенті Владимир Зеленский ядролық қарудың алдын алу керегін айтты. Massaget.kz тілшісі кейінгі тәулікте қандай маңызды оқиғалар болғанына шолу жасады.

Запорожье мен Николаевта жарылыс болды

Николаев пен Запорожьедегі куәгерлер 7 қазанда түнгі сағат бір шамасында жарылыс естілгенін хабарлаған. 

Telegram-арна мәліметінше, қала үстінде дрондар байқалған. Украинаның әскери күштері дрондардың бір бөлігін құлатқан. Алайда әзірге ресми ақпарат жоқ.

Запорожьеге жасалған соққыдан зардап шеккендер саны артты

Запорожье орталығына орыс әскері жасаған соққыдан қаза болғандар саны артты. Облыс орталығының жеті тұрғыны қаза тапқаны расталды, шамамен бес адам хабар-ошарсыз кеткен. Бұл туралы Запорожье облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Старух Telegram-да жазды. Ол үйінділер зерттеліп жатқанын, содан кейін қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны өзгеруі мүмкін екенін түсіндірді.

Ресейдің ядролық қаупі: Зеленский алдын алуға шақырды

Украина президенті Владимир Зеленский НАТО мен халықаралық қауымдастық Ресей Федерациясы ядролық қаруды қолдануға тырысқан жағдайда оның алдын алу шараларын қарастыруы керегін айтты. Бұл туралы ол австралиялық Лоуи институтында онлайн түрде берген сұхбаты кезінде мәлімдеді.

"НАТО не істеуі керек? Ресейдің ядролық қаруды қолдану мүмкіндігін жоққа шығару қажет. Бірақ ең бастысы, 24 ақпанға дейін жүгінгенімдей халықаралық қауымдастыққа тағы бір рет жүгінемін: алдын алу соққысы жасалуы керек, ядролық қару қолданылса, не болатынын білсін!" - деді Зеленский.

Херсон облысының 500 шаршы шақырымы босатылды - Зеленский

6 күнде украиналық әскер Херсон облысында 500 шаршы шақырымнан аса жерді босатты. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский 7 қазанда үндеуінде мәлімдеді.

"Запорожье облысында, әзірге оккупанттар бақылайтын аудандарда да жетістіктер туралы есеп беретін күн міндетті түрде келеді. Қырым азат етілгенін айтатын күн келеді. Бұл бағыт айқын", - деп атап өтті ол.

АҚШ Украинаға қысқа дайындыққа 55 миллион доллар береді

АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) Украинаға Ресеймен соғыс кезінде қыста дайындалуға және азаматтарға жылу мен ыстық судың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге көмектесу үшін 55 миллион доллар береді.

Бұл сома 19 аймақта 7 миллионға жуық украиналықтың қыста аман қалуына көмектеседі деп жоспарланып отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!