Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Украинадағы елшілігіндегі қызметкерлерді эвакуациялау мәселесін қарастырып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бүгінде Украинада Қазақстанның қанша азаматы барын тексеріп жатырмыз, себебі кейінгі жағдайларға байланысты айтарлықтай айырмашылық бар. Кеше көргендеріңіздей Украинадағы елшілігімізде үндеу жарияланды. Алғашқы эвакуациялауда көбі кетіп қалды, кейбірі қайтып келген болуы мүмкін, сондықтан дәл қазір нақты санын айта алмаймын", - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Оның сөзінше, Қазақстанның Украинадағы елшілігі жұмыс істеп тұр.
"Қазір мәселе елшілікті жабуда емес, қызметкерлерімізді эвакуациялауда. Бұл мәселе алдағы күндері шешіледі. Бәрін толық эвакуациялауымыз мүмкін", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Украинадағы елшілік қазақстандықтарға үндеу жасаған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!