Донецк облысының Дружков қалалық соты 23 жастағы қазақстандық Шыңғыс Сейпиевті "Вагнер" жасағының құрамында болғаны үшін тоғыз жылға бас бостандығынан айырды. Ол Ресей колониясында жазасын өтемеу үшін соғысқа барғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот шешімдері тізіліміне сәйкес, Шыңғыс Сейпиев Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы, Аққұдық ауылынан.
Сот үкімінде 2022 жылғы қазанда Сейпиевтің Украинадағы соғысқа қатысу үшін "Вагнер" құрамына арбап қосылғаны айтылған. Сол кезде ол Тюмень қаласындағы №2 түзеу колониясында зорлағаны үшін 10 жыл жазасын өтеп жатқан. Әуелі Ростов облысындағы оқу-жаттығу лагерінде әскери дайындықтан өтіп, желтоқсанда өзін-өзі жариялаған ЛХР қатарына түскен. 24 желтоқсанда Сейпиев Бахмут ауданының Яковлевка ауылына жіберілді, бір аптадан кейін, 30 желтоқсанда Украина Қарулы Күштерінің қолына тұтқынға алынды.
Украина қауіпсіздік қызметі былтыр қазанда "Вагнер" өкілдері Сейпиевке Украинаға қарсы соғысқа қатысу үшін ресейлік жеке компанияға қосылуды ұсынғанын хабарлады. Келісімшарт бойынша оған 200 мың рубль (шамамен 1,1 миллион теңге) және соттылығының күші жойылды деп уәде етілген.
Тергеу барысында Сейпиев кінәсін мойындап, Украина прокуратурасымен ынтымақтастықта болғаны атап өтілген. Келісім бойынша айыпталушы кінәсін мойындап, өкініп, басқа да қылмыстарды ашуда ынтымақтасқан. Өз кезегінде ол 9 жылға бас бостандығынан айырылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!