- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Украинада жарылыстан кейінгі...
Украинада жарылыстан кейінгі жағдай қандай?
Кеше Киевте, Польшаның бір қаласында жарылыс болды. Жарылыстан кейінгі жағдай қандай? Massaget.kz тілшісі Украинадағы кейінгі ахуалға шолу жасады.
Польша президенті Байденмен шұғыл келіссөз өткізді
Польша президенті Анджей Дуда Пшеводов қаласында зымыран құлауына байланысты америкалық көшбасшы Джо Байденмен шұғыл келіссөз өткізді. Бұл туралы Польша президентінің кеңсесі Twitter-де хабарлады. Сонымен қатар, НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг Дудамен болған оқиғаны талқылағанын айтты.
"Қаза тапқандарға байланысты көңіл айттым. НАТО жағдайды бақылайды және одақтастар кеңес береді. Барлық дерек анықталуы маңызды", - деді ол.
Ақ үй мәліметінше, Байден мен Дуда Польшадағы жарылысқа байланысты келесі қадамдарды үйлестіруге келіскен.
"Байден АҚШ-тың толық қолдауын және Польшадағы тергеуге көмектесуді ұсынды. Байден Америка Құрама Штаттарының НАТО-ға деген адалдығын растады", - делінген хабарламада.
НАТО елдерінің шұғыл келіссөзі өтеді
НАТО елшілері 16 қарашада альянс жарғысының 4-бабы бойынша Польшаның өтінішімен шұғыл кездесу өткізеді. Альянс мұқият әрекет етеді және оқиғаның қалай болғанын тексеру үшін біраз уақыт қажет болады. Польшаның Ұлттық қауіпсіздік бюросының басшысы Яцек Сивераның айтуынша, Дуда Столтенбергтен альянс келісімінің төртінші бабын қолдану мүмкіндігін сұраған.
Польша премьері халықты сабырға шақырды
Польша премьер-министрі Матеуш Моравецкий Пшеводовтағы жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқанына байланысты халықты сабырға шақырды.
"Поляктарды осы қайғылы жағдайға байланысты сабырлы болуға шақырамын... Біз ұстамдылық пен сақтық танытуымыз керек", - деді Моравецкий Варшавадағы үкіметтің төтенше келіссөздерінен кейін.
Radio ZET NEWS поляк жаңалықтар станциясы мәліметінше, зымыранды кім атқаны туралы нақты дәлел жоқ және тергеу жүргізіліп жатыр.
Ресей Польша мен Украина шекарасындағы оқиғаға қатысы барын жоққа шығарды
Ресей Қорғаныс министрлігі мәліметінше, украина-поляк шекарасына жақын маңда ресейлік тарап соққы жасамаған.
"Польша бұқаралық ақпарат құралдары мен шенеуніктерінің Пшеводув елді мекені маңында "ресейлік" зымыран құлады деген мәлімдемелері - қасақана арандату. Украина-Польша мемлекеттік шекарасына жақын нысандарға ресейлік соққы жасалмады", - деді Қорғаныс министрлігі өкілі.
Еуропа елдері Польшаға көңіл айтты
Германия канцлері Олаф Шольц Польша президенті Анджей Дудамен телефон арқылы сөйлесті. Ол Украина шекарасындағы Польшадағы оқиғаға байланысты Варшаваға қолдау білдірді. Бұл туралы сәрсенбіде Германия үкіметі өкілі Стеффен Хебенстрайт Twitter-де хабарлады.
"Германия канцлері Польша президенті Дудамен телефон арқылы сөйлесіп, оған көңіл айтты. Германия НАТО бойынша серіктесі - Польша жағында", - деді Хебенстрайт.
Зеленский Ресейді ұжымдық қауіпсіздікке шабуыл жасады деп айыптады
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейге Польша аумағына жасалған "зымыран соққысы" үшін жауапкершілік жүктеді, оны ұжымдық қауіпсіздік соққысы және өте маңызды эскалация деп атады. Бұл туралы ол Telegram-да жазды.
Сондай-ақ, Зеленский сейсенбіде Ресей Украина аумағында 90 зымыран атқанын, нәтижесінде елдің энергетикалық жүйесіне зақым келгенін атап өтті.
Украинаның 20 миллионға жуық тұрғыны жарылыстан кейін электр қуатынсыз қалды
Украинаның энергетикалық нысандарына жасалған соққы салдарынан 7 миллионнан аса абонент жарықсыз қалған. Бұл шамамен 20 миллион адам болады. Бұл туралы президент кеңсесі басшысының орынбасары Кирилл Тимошенко айтты.
"Әртүрлі аймақтардағы 15 энергетикалық нысан зардап шекті. Қазір 7 миллионнан аса абонент өшірілді, бұл шамамен 20 миллион адам", - деді Тимошенко.
Украина "Дружба" бойынша мұнай айдауды тоқтатты
Украина кернеудің төмендеуіне байланысты Венгрия бағытындағы "Дружба" құбыры арқылы мұнай айдауды тоқтатты. Бұл туралы "Транснефть" ресми өкілі Игорь Демин айтты.
"Дружба" мұнай құбырының тоқтауына байланысты Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан 15 қарашада кешке Қауіпсіздік кеңесін шақырды.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Украинаға қатысты отырысы 16 қарашада өтеді
Украина бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы 16 қарашада өтеді. Отырыстың тақырыбы Украинада "бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау" ретінде көрсетілген. Отырыс Астана уақыты бойынша сағат 01:00-ге жоспарланған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова