Украина мен Ресей тұтқын алмасуға келісті

Украина мен Ресей тұтқын алмасуға келісті
Фото: t.me/V_Zelenskiy_official

Украина мен Ресей тұтқын алмасу туралы келісімге келді. Бұл туралы Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Рустем Умеровтың айтуынша, президент Владимир Зеленскийдің тапсырмасымен Украина кейінгі күндері Түркия және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі серіктестерімен келіссөздер жүргізген.

Оның сөзінше, бұл елдер тұтқын алмасу және қайтару үдерісін ұйымдастыруға көмектесіп жатыр. Умеров шамамен 1200 украиналықтың алмасуына дайындық жүріп жатқанын атап өтті.

"Осы келіссөздердің нәтижесінде тараптар Ыстамбұл келісімдерін іске қосуға келісті. Жақын уақытта техникалық консультациялар өтеді. Онда барлық рәсімдік және ұйымдастырушылық мәселе нақтыланады. Біз украиналықтар тұтқыннан оралып, Жаңа жыл мен Рождество мерекелерін үйінде – отбасылық дастарқан басында, жақындарының жанында қарсы алуы үшін тоқтаусыз жұмыс істеп жатырмыз", – деп жазды Умеров өз Telegram-каналында.

Еске салайық, 2 маусымда Ыстамбұлдағы келіссөздер барысында Ресей мен Украина ауыр жараланған әскери қызметкерлер мен 25 жасқа дейінгі тұтқындарды алмасу, сондай-ақ қаза тапқан 6000 әскери қызметкердің мәйітін бір-біріне қайтару туралы уағдаласқан еді.

Осыдан кейін әскери тұтқындар алмасудың жеті кезеңі өтті.

Сонымен қатар, қаза тапқандардың мәйіттерін алмасу жалғасты: Ресейдің мәлімдеуінше, ол бірнеше кезеңмен Украинаға офицерлер мен сарбаздардың 6000-нан аса мүрдесін тапсырған. Ал Мәскеу Киевтен 78 мүрде алған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек
Logotype Massaget