Украина Корея сияқты екіге бөлінетіні рас па?

Украина Корея сияқты екіге бөлінетіні рас па?
Фото: facebook.com/GeneralStaff.ua

Украинадағы жағдай әлі де шиеленісіп тұр. Ресей тарапы кейінгі күндері "кек алу" операциясы жүргізілгенін мәлімдеді. Ал Украина тарапы Ресей "корей" нұсқасы бойынша елді бөлуді көздеп отырғанын айтты. Massaget.kz тілшісі кейінгі оқиғаларға шолу жасады.

Зеленский Бахмуттағы жағдайды айтты

Луганск және Донецк облыстарында ауыр шайқастар жалғасып жатыр. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский кешкі бейнеүндеуінде айтты.

"Бахмут ештеңеге қарамай берілмей тұр. Қаланың көп бөлігі ресейлік соққы салдарынан жойылғанымен, біздің жауынгерлер ресейлік шабуылдарға тойтарыс береді. Бұл - майдандағы ең қанды орындардың бірі", - деді Украина президенті.

Ресей Запорожьеге шабуыл жасауы мүмкін - Украина Бас барлау басқармасы

Ресейліктер Запорожье облысына шабуыл жасауы мүмкін. Олар Харьков бағытында Украина Қарулы күштерінің қарсы шабуылын тоқтатуға тырысады. Бұл туралы Бас барлау басқармасының өкілі Вадим Скибицкий италиялық Corriere della Sera газетіне берген сұхбатында мәлімдеген.

Ол кейінгі екі аптада Ресей Федерациясы әскерін тек шығысқа емес, Запорожье облысы мен Херсонға көшіргенін айтты. Скибицкий ресейліктердің жаңа шабуылы туралы сұраққа қазір Донецк облысында қысым күшейгені байқалып жатқанын айтты.

Ресей мен Украина тұтқын алмасты

Ресей мен Украина тұтқын алмасуын "50-де 50" форматында өткізді. Оны Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак та, Ресей Қорғаныс министрлігі де растады.

"Чернобыль атом электр станциясында, Мариуполь қорғаушыларынан, Бахмут маңындағы Донецк бағытында, сондай-ақ Киев, Чернигов, Херсон және басқа аймақтардан тұтқынға алынған адамдарды қайтарамыз", - деді Ермак.

Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі Украина әскері жаппай қырылғанын хабарлады

Ресей Қорғаныс министрлігі қорытындысында "жаппай зымыран соққысы салдарынан 600-ден аса украиналық әскери қызметші өлтірілгені" айтылды.

Ресей Қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь Конашенков Ресей Макеевкадағы орыс әскері жаппай қырылуынан кейін кек алу үшін "кек алу" операциясын жүргізгенін мәлімдеді.

Украина Ресейдің мәлімдемесін жоққа шығарды

Украина Қарулы күштері әскері шығыс тобының өкілі Сергей Череватый бұл ақпаратты жоққа шығарып, оны Украинаға жеткізілген барлық HIMARS зымыран жүйесі жойылғаны туралы қауесеттер секілді деп атады.

Ресей Украинаны корей сценарийі бойынша бөлуді ұсынады - Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы

Ресей Украинада "корей" сценарийі бойынша соғысты тоқтатқысы келеді. Ол майдандағы шекараларды және Украина мемлекетінің бөлінуін белгілейді. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов айтты.

Оның сөзінше, қазір Киевке соғысты аяқтаудың "корей нұсқасы" ұсынылып жатыр. Яғни бір кездері біртұтас Кореяны екі мемлекетке - КХДР мен Оңтүстік Кореяға бөлген шартты "38-параллель" бойынша Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы аумақтарды бөлу ұсынылады.

Украина өкілі жақында бұл мәселе бойынша Оңтүстік Корея өкілдерімен сөйлескенін айтты, олар мемлекеттің бұлай бөлінуін "үлкен қателік" деп атаған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова