Украиналық дрондар Ресейдің Усть-Луга портына шабуыл жасады. Бұл порт арқылы шетелге мұнай тасымалданады, соның ішінде қазақстандық мұнай да жеткізіледі. Алдын ала мәліметтер бойынша Ресейдегі ең ірі сұйытылған газ өндірушілердің бірі - "Новатэк" компаниясының газ өңдеу кешені бүлінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ресейдің Ленинград облысындағы "Усть-Луга" порты арқылы қазақстандық мұнайды экспорттаумен "ҚазТрансОйл" компаниясы айналысады. Сондай-ақ, осы порт арқылы Еуропаға қазақстандық көмір де жеткізіледі.
Қазақстанның Энергетика министрлігі мәліметінше, бұл шабуыл қазақстандық шикізат экспортына әсер етпеген.
"Қолда бар ақпаратқа сәйкес кеше Ленинград облысындағы Усть-Луга портына жасалған дрон шабуылы осы бағыт бойынша экспортқа әсер еткен жоқ. Штаттық режимде тасымалданып жатыр", - деді министрліктің баспасөз қызметі өкілі.
Бұған дейін не болды?
2025 жылғы 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының (КҚК) ең ірі мұнай айдау станциясы саналатын Ресей Федерациясындағы "Кропоткинская" ЖЗҚ шабуылға ұшырады.
Станция қаншалық зақымға ұшырағанын және қалпына келтіру мерзімдерін бағалау үшін КҚК бас директоры Николай Горбан бастаған топ оқиға орнына барды.
Кейінірек "Транснефть" компаниясы мәлімдеме жасап, Каспий құбыр консорциумының (КҚК) "Кропоткинская" ірі мұнай айдау станциясына жасалған дрон шабуылы салдарынан Қазақстаннан мұнай айдау көлемі шамамен 30 пайызға төмендеуі мүмкін екені айтылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова