“Украина қақтығысына басты назар аударылды“. Президенттің баспасөз хатшысы Тоқаев пен Путиннің сөйлесуі туралы

“Украина қақтығысына басты назар аударылды“. Президенттің баспасөз хатшысы Тоқаев пен Путиннің сөйлесуі туралы
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Президенттің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Руслан Желдібай осы әңгіменің егжей-тегжейін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Руслан Желдібайдың айтуынша, Ресей тарапының бастамасымен Мемлекеттер басшылары телефон арқылы сөйлескен.

"Әңгіме тек достық және сенімді сипатта өрбіді. Украина қақтығысын реттеуге басты назар аударылды. Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілімен келіссөз қорытындысы туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізілген алдын ала уағдаластықтарды құптап, Қазақстан басынан бері соғыс қимылдарын тоқтату үшін бейбітшілік формуласын іздеуді жақтағанын айтты", - деді Руслан Желдібай.

Оның айтуынша, екі елдің басшылары екі жақты күн тәртібін де талқылаған.

"Қазақстан Президенті биыл қарашада жоспарланған Мәскеуге мемлекеттік сапарына ерекше мән беретінін, оның мақсаты стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухында жан-жақты ынтымақтастықты тереңдету болатынын айтты", - деп толықтырды Президенттің баспасөз хатшысы.

Еске салайық, бұған дейін Владимир Путин таяуда Мәскеуде АҚШ президентінің арнаулы өкілімен болған әңгіменің негізгі нәтижелері жөнінде мәлімет бергені хабарланды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget