- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Уколдан кейін оянбады":...
"Уколдан кейін оянбады": БҚО тұрғыны сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр
БҚО-да полицейлер екі айлық баланың өлімін тергеп жатыр. Шетінеген нәрестенің ата-анасының айтуынша, дәрігерлер антибиотик салған. Сол уколды салғаннан кейін 10 минут өткен соң кішкентай нәресте көз жұмған, - деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Шетінеп кеткен нәрестенің әкесі қызының күні бойы жылағанын айтады. Артынша ол жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Кезекші дәрігер анализдерін алып, рентгенге түсіріпті. Нәтиже бойынша баланың пневмониямен ауырғанын анықтады. Медбикелер педиатр шақырып, укол салған.
"Дәрігерлер антибиотик салды. Қызым сол уколды салған соң 10 минут өткеннен кейін көз жұмды. Сап-сау бала еді. Дәрігерлер өз кінәларын мойындамай отыр. Алғашқы тексеру бойынша пневмония болмаған. Бірнеше диагноз қойды, алдымен жүрек ауруы депті. Ондай болған жоқ, анафилактикалық шок болды, сосын олар бізді баланы құлатып алдыңдар деп айыптады", –дейді қыздың әкесі Еламан Үрінбаев.
Қайғылы оқиғаға не себеп болғаны белгісіз.
Бәйтерек ауданындағы аурухананың бас дәрігері аллергиялық реакцияға сынама жасалғанын, бірақ қызару байқалмағанын айтады. Инъекциядан кейін бала бірден көгеріп кетіпті. Реанимациялық шаралар сәбиге көмектеспеген.
"Балаға кардиомегалия, жүректің ұлғаюы диагнозы қойылған. Жүректің қабығындағы қан қайдан шыққаны белгісіз, түсініксіз жағдай", – дейді аурухананың бас дәрігері Темур Мұсағалиев.
Сәбидің өлімін жергілікті полиция тергеп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Г. Досымшалова