- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Укол салды, әрі...
"Укол салды, әрі қарай есімде жоқ". 8 жыл бойы жындыханада жатқан Маржан қиын кездерін есіне алды
Дені сау бола тұра 8 жыл бойы жындыханада жатқан Маржан Ермекқызы қиын кездерін есіне алды. Ол бұл туралы "Қыздар-ай" бағдарламасында әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маржанның сөзінше, 9 жасында балалар үйінен асырап алған отбасы қорлық көрсетіп, соққыға жыққан. Кейін жүйке ауруларын емдейтін мекемеге тапсырған.
"Ауруханадан шыққаннан кейін оқуға түстім. Демалып өзіме келетіндей уақыт болған жоқ. Өмір күтіп тұрмайды. Алматыға келген кезде қиын болды. Оқуда бәрі болды. Орыс тобында оқыдым. Келесі топтағы қыздар "жындыханадан шыққан жоқсың ба, бізбен оқи аласың ба?" дейтін. Кураторымыз мықты, өте жақсы кісі болды. Демеп жүретін. Мұғалімдердің арқасында қорғанышым болды. Жұмысқа тұрғым келді, қабылдамады. "Жақында шыққан жоқсың ба?" деді. Сол кезде қатты налыдым. Көбі қорқады. Іштей қынжылған кезім болды. "Тағдыр неге мені таңдады?" деген сияқты ойладым", - деп еске алды ол.
Маржанның сөзінше, 20 жасында әкесімен кездескен. Алайда оның отбасы болған.
"Әкеммен сөйлесіп көрдім. Ол кісінің отбасы бар. Өзім қатты сөйлескім келген жоқ. Менен басқа қыздары бар. Отбасының ортасына түскім келген жоқ. Оның үстіне, өзі де құлшынып тұрған жоқ. Жай ғана көргім келді. Сұраған жоқпын, білгім келмейді (анасы туралы - еск.)", - дейді Маржан.
Маржан өзін асырап алған отбасы қандай болғаны туралы да айтты.
"Балалар үйіне келген кезде үш қызды таңдады. 9-дамын. Ішінде пысығы мен болғанмын. Маған "сені алып кетуі мүмкін" деді. Жағдайлары өте төмен болды. Мен барған кезде үйлері қап-қара сылақ болды. Жолдасы бар, сіңлісі бар. Күйеуі ішетін. Күйеуі бірден қарсы болды. Мейірім, иман, жылы сөз көрген емеспін. Ол отбасыға сіңісе алмадым. Қателеспесем, 9 ай тұрдым. 9 айдан кейін мені мекемеге тапсырып жіберді. Ол кезде сот болып жатты. Ол да, күйеуі де қатты қол жұмсайтын. Сот сараптамасы өтіп жатты. Қолдарым сынған еді. Бірінші сот отырысында қатты айқай болып, уақытын аударып жіберді. Келесі күні сотқа кірдік, үзіліс болды, 5 минутта жедел жәрдем дайын тұр. Мені жедел жәрдемге салып алып кетті, укол салды, әрі қарай есімде ештеңе жоқ. Дәлелі тұр, мұғалімдер, көршілер тұр. Сот сараптамасы бар. Сол кезде бала екенмін ғой. Мұғалімдерім біраз жүгірді, шығара алмады", - дейді ол.
Осылайша, Маржан бірнеше жылдан кейін дені сау деген қағаз алған.
"3 ай жүгірдік, толықтай сау деген қағаз алдым, барлық базадан алып тасталды", - дейді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова