“Үкіметтің өрескел олқылығы“. Тоқаевтың сынынан кейін Бектенов министрге тапсырма берді

“Үкіметтің өрескел олқылығы“. Тоқаевтың сынынан кейін Бектенов министрге тапсырма берді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытын салуға қатысты пікір білдірді. Үкімет басшысы жаңа энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке жағдайды жеке бақылауға алуды тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тоқаевтың сыны

Мемлекет басшысы Маңғыстауға сапарында Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыты құрылысының кешігуі Үкіметтің өрескел олқылығы екенін айтты.

"Мен бұған дейін Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытын 2024 жылға қарай іске қосу туралы тапсырма бердім. Бірақ түрлі рәсімдер созылып, мердігермен келісім шартқа былтыр ғана қол қойылды. Соның салдарынан зауытты іске қосу мерзімі 2027 жылға қалып қойды. Бұл – Үкіметтің өрескел олқылығы. Үкімет осы мәселені қатаң бақылауға алуы керек", - деді Президент.

Бектеновтің тапсырмасы

Бүгін Үкімет отырысы кезінде Олжас Бектенов осы мәселені көтерді.

"Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыты бойынша жұмыстар баяу жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе бойынша қандай шара қабылданып жатыр?" - Үкімет отырысы барысында Бектенов.

Ақкенженовтың айтуынша, жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы Энергетика министрлігінің бақылауында. Қазір бірінші іске қосу кешені бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Бүгінде жобаның бірінші кезеңі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, олар биыл жыл соңына дейін аяқталады деп күтеміз. Екінші кезең бойынша жобалық жұмыстар 24 сәуірде аяқталады. Әрі қарай құжаттаманы мемлекеттік сараптамаға жібереміз, нәтижелері шілдеде жарияланады. Бүгінде зауытқа қажет барлық қондырғы мен жабдыққа тапсырыс берілген. Келесі жылға дейін елге толық әкеліп, монтаждау жұмыстарын жалғастырамыз. Барлық жұмыс министрліктің тұрақты бақылауында", - деді Энергетика министрлігінің басшысы.

Бектенов энергетика министріне жағдайды жеке бақылауға алуды тапсырды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget