Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды: кімдер қызметімен қош айтысты, кімдер орнында қалды?

Үкімет отставкаға кеткеннен кейін жаңа құрам жасақталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет неге отставкаға кетті?

28 тамызда Үкімет отставкаға кетті. Бір палаталы Құрылтай депутаттарының сайлауынан кейін осындай өзгеріс болды.

1 шілдеден бастап елде жаңа Конституция күшіне енді. Онда Мәжіліс пен Сенатты тарату, Құрылтайды жасақтау және депутаттар сайлауынан кейін Үкіметті отставкаға жіберу секілді мәселелер қарастырылған. 

Үкімет құрамы қалай жаңарды?

Үкіметте премьер-министр лауазымын қосқанда барлығы 25 министрлік позиция бар. Нәтижесінде 4 министр ауысты. Осылайша, Үкімет құрамы 16 пайызға жаңарды.

Отставкадан кейін премьер-министр лауазымын Олжас Бектенов сақтап қалды. Ол бұл қызметті 2024 жылғы ақпаннан бері атқарып келеді. Ол 2026 жылғы тамызда қайта тағайындалды.

Премьер-министрдің алты орынбасары болды. Олардың бесеуі өз қызметінде қалды:

  • Нұрлыбек Нәлібаев - премьер-министрдің бірінші орынбасары. Ол 50 жаста. Бұрын Қызылорда әкімі, премьер-министр кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда облысының әкімі болып жұмыс істеген. Үкіметтегі лауазымын 2026 жылғы мамырда иеленді.
  • Ғалымжан Қойшыбаев - премьер-министрдің орынбасары - Үкімет аппаратының басшысы. Ол 58 жаста. Мемлекеттік аппараттың жұмысын, әкімшілік реформаны және бюрократиядан арылтуды, цифрландыруды және заң жобалау жұмыстарын үйлестіреді. Ғалымжан Қойшыбаев бұл қызметті 2023 жылғы қаңтардан бері атқарып келеді. Бұл - оның төртінші рет қайта тағайындалуы.
  • Қанат Бозымбаев - премьер-министрдің орынбасары. Ол 57 жаста. Өңірлік саясатты, ТҮКШ, су ресурстары және төтенше жағдайларды жою мәселелерін үйлестіреді. Қанат Бозымбаев премьер-министрдің орынбасары болып 2024 жылғы наурыздан бері жұмыс істейді. Бұрын ол Президенттің кеңесшісі, Алматы облысының әкімі, Президенттің көмекшісі, энергетика министрі болған.
  • Серік Жұманғарин - премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі. Макроэкономика, бюджет, салық және сауда саясатын, бизнесті дамыту мен инвестицияларды, қаржы секторын, агроөнеркәсіптік кешен мен жер қатынастарын, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы ынтымақтастықты үйлестіреді. Ол 57 жаста. Вице-премьер лауазымын 2022 жылғы тамыздан бері атқарып келеді. Бұл - оның төртінші рет қайта тағайындалуы.
  • Жаслан Мәдиев - премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі. Ол 43 жаста. Бұл қызметке екінші рет тағайындалды. Бұған дейін ол цифрлық даму бірінші вице-министрі, Binance Kazakhstan бас менеджері болып жұмыс істеген.

Бұған дейін премьер-министрдің алтыншы орынбасары мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева болған еді, ол жақында Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Жаңа министрлер кімдер?

Министрлер арасында тек төртеуі жаңадан келген.

Алдымен сыртқы істер министрі тағайындалды. Бұл қызметке үш жыл бойы СІМ-ді басқарып, арада тағы үш жыл өткен соң осы лауазымға қайта оралған 58 жастағы Мұхтар Тілеуберді келді. СІМ-ге қайта келгенге дейін ол Қазақстанның Австриядағы төтенше және өкілетті елшісі болды.

Әлібек Қуантыров экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды. Ол да Үкіметте жаңа адам емес. Бұған дейін Әлібек Қуантыров ұлттық экономика министрі болған, кейін KAZENERGY-ді басқарды, содан соң сыртқы істер министрінің орынбасары болды.

Арман Қырықбаев - мәдениет және ақпарат министрі. Ол 49 жаста. Бұған дейін Алматы әкімінің орынбасары болды, кейін Президент әкімшілігінде жұмыс істеді, Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болды.

Тағы бір жаңа министр - ТЖМ басшысы Мұрат Мұханов. Ол 41 жаста, бұл қызметке тағайындалғанға дейін Төтенше жағдайлар министрлігі аппарат басшысы болып жұмыс істеген.

Кімдер орнында қалды?

Күштік құрылым басшылары арасында ешқандай өзгеріс болған жоқ:

  • ІІМ басшысы - 57 жастағы Ержан Сәденов. Ол бұл лауазымды 2022 жылғы қаңтардан бері атқарып келеді, яғни екінші рет қайта тағайындалды. Бұған дейін Ержан Сәденов Ақмола облысы Полиция департаментін және Астана Полиция департаментін басқарған.
  • Қорғаныс министрі болып 56 жастағы Дәурен Қосанов қалды. Ол бұл лауазымды 2025 жылғы тамыздан бері атқарып келеді. Бұған дейін Дәурен Қосанов Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, кейін қорғаныс министрінің орынбасары болды.

Әділет министрі - Ерлан Сәрсембаев. Ол 51 жаста. Бұл лауазымды 2025 жылғы қаңтардан бері атқарып келеді. Бұрын Ерлан Сәрсембаев Конституциялық соттың судьясы болған.

Көлік министрі - 59 жастағы Нұрлан Сауранбаев. Ол бұл қызметті 2025 жылғы маусымнан бері атқарады. Бұған дейін Нұрлан Сауранбаев Шымкент әкімі болды, Президент әкімшілігінде жұмыс істеді және "Қазақстан темір жолын" басқарды.

Энергетика министрі лауазымында Ерлан Ақкенженов қалды. Ол 47 жаста. Министр қызметін 2025 жылғы наурыздан бері атқарып келеді. Бұған дейін коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеген, "ҚазМұнайГаздың" мұнай өнімдері маркетингі басқармасын басқарған және энергетика вице-министрі болған.

Ерсайын Нағаспаев - өнеркәсіп және құрылыс министрі. Ол министрлік тізгінін 2025 жылғы ақпаннан бері ұстап отыр. Бұрын "Қазақстан темір жолында" басшылық лауазымдар атқарған.

43 жастағы Жұлдыз Сүлейменова да оқу-ағарту министрі ретінде жұмысын жалғастырады. Ол министрлікті 2025 жылғы қыркүйектен бері басқарып келеді. Бұған дейін Мәжіліс депутаты болған.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қызметінде қалды. Ол 49 жаста. Министрлікті басқарып келе жатқанына үш жыл болды.

Нұржан Нұржігітов - су ресурстары және ирригация министрі. Ол 59 жаста. Бұл лауазымда үшінші жыл қатарынан қызмет етіп келеді. Бұрын Жамбыл облысының әкімі болған.

55 жастағы Ақмарал Әлназарова Денсаулық сақтау министрлігі басшысы қызметін жалғастырады. Ол бұл қызметке 2024 жылғы ақпанда келген. Оған дейін 4 жыл бойы Сенат депутаты болды.

60 жастағы Айдарбек Сапаров - ауыл шаруашылығы министрі. Ол бұл лауазымда 2023 жылғы қыркүйектен бері отыр. Бұл - оның екінші рет қайта тағайындалуы. Бұрын ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып жұмыс істеген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып Асқарбек Ертаев қайта тағайындалды. Ол 49 жаста. Бұл лауазымға 2026 жылғы қаңтарда келген. Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, кейін бірінші вице-министрі болған.

Мәди Такиев - қаржы министрі. Ол 48 жаста. Мәди  Такиев бұл лауазымда 2024 жылдан бері қызмет етеді. Оған дейін ұлттық экономика вице-министрі болды, сондай-ақ, Президент әкімшілігінде жұмыс істеген.

Ғылым және жоғары білім министрі болып 45 жастағы Саясат Нұрбек қайта тағайындалды. Ол 2022 жылдан бері министр қызметінде және бұл - оның үшінші рет қайта тағайындалуы. Бұрын ол "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры, National Geographic Kazakhstan кеңесшісі болып жұмыс істеген, BTSDigital және BTS Education білім беру жобаларын басқарған.

42 жастағы Ербол Мырзабосынов - туризм және спорт министрі. Ербол Мырзабосынов министр болып 2024 жылғы қыркүйекте тағайындалған болатын. Бұған дейін Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ректоры, кейін Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз