- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Үкіметтен келген жауапты...
Үкіметтен келген жауапты жариялауға ұяламыз - Қазыбек Иса
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Үкімет берген кейбір деректерге күмән келтіріп, кейбір жағдайда ресми жауапты жариялауға ұялатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.
"Парламент депутаттары халықтың зар-мұңы мен талабы орындалуы үшін үкіметке депутаттық сауалдар жолдап жатады. Ал үкіметтен келіп жатқан жауаптардың сапасы қандай? Көптеген жауап шала болып, қате келеді. "Мен не деймін, домбырам не дейді?" дегендей, кейде мүлде бұрмаланған жауаптар келіп жатады... Үкіметтен келген кейбір жауаптарды оқу үшін алдын ала қан қысымыңызды өлшеп, қалыпқа түсіретін дәрі-дәрмегіңізді дайындап алмасаңыз, өзіңізге өте қиын болады. 3 жыл бұрын Үкімет басшысы мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылуын 93 пайыз деп жазғанда бақыттан басымыз айналып, құлап қала жаздағанбыз", - деді Қазыбек Иса.
Оның пікірінше, кейбір жағдайда Үкімет мүшелері жалған ақпарат та береді.
"Ағымдағы жыл" емес, үкімет жазатындай, биыл 13 наурызда денсаулық министріне жолдаған сауалымызда міндетті медициналық сақтандыру қорының тетіктерінің әділетсіздігін сынап, жақында жарияланған төлемдерді 5 есе көтеруге қарсы шықтық. Ертеңінде денсаулық министрінің алдына түсіп алып, вице-министр Тимур Сұлтанғазиев, журналистерге біздің сауалдың нақты мәнін бұрмалап, өз сөзін дәлелдеу үшін, өтірікті соғып жіберді... Оның бұрмалауы бойынша бізді "төлемдерді көтеруді ұсынды" деп түсінуге болады. Ал біз, керісінше, қорға төленетін төлемдерді көтеруге қарсы шыққан едік...
Вице-министр "Міндетті сақтандырудағы жеке шоттар тек Сингапур елінде ғана бар" деп жалған ақпарат соғып жіберуі қоғамда жалған пікір туғызды. Шын мәнінде, нарықтық, яғни дербес медициналық сақтандыруды барша дамыған мемлекеттер пайдаланып жатыр", - деді депутат.
Ол Үкімет келген кейбір хаттарды жариялауға ұялатынын ашық айтты.
"Үкімет басшысына жасалған Энергетикалық машина жасау жайлы сауалымызға да шала жауап келді. Үкіметтен келген кейбір жауаптар қалай жазылатынын қайдам, жариялауға біз ұяламыз", - деді Қазыбек Иса.
Депутат мәселені шешу үшін премьер-министрге өз ұсыныстарын жолдады:
1. Депутаттар сауалында көтерілген нақты мәселелерді шешуді, ұлттық мүддемізді қорғайтын, елдің жағдайын жақсартатын, халықтың мәселесін шешетін нақты жұмыстарды істеуге тиіс.
2. Депутаттық сауалдарға нақты, тура және толық жауап беруді талап етеміз.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Есен