Үкіметке - сын, министрлерге - сөгіс. Тоқаев қай мәселелерді көтерді?

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты. Онда елдегі басты проблемаларды көтеріп, Үкімет пен министрлерді сынады. Massaget.kz тілшісі Тоқаевтың отырыстағы мәлімдемелерін жинады.

Тоқаев Үкіметті сынға алды

Президенттің айтуынша, күрделі геосаяси сын-қатерге қарамастан, еліміз бір қалыпты дамып келеді.

"Мұны жартыжылдық нәтижеден көріп отырмыз. Экономика 3,4 пайызға, ал нақты сектор 4,1 пайызға өсті. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі саласында айтарлықтай ілгерілеу бар.

Дегенмен, инфляция да бір орында тұрған жоқ. Қазір бұл көрсеткіш 14,5 пайызға жетіп, 2015 жылғы деңгейден асып түсті", - деді Тоқаев. 


Фото: Әлихан Сариев 

Одан бөлек, ол Қазақстандағы азық-түлік бағасының өсуіне байланысты Үкіметтің жұмысын сынға алды. Мемлекет басшысы бүгінгі таңда еліміздегі ең күрделі мәселе инфляция өсуі екенін атап өтті.

"Баға өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, кейбір өнім түрлері бірден 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты", - деді Мемлекет басшысы.

"Жоспарлар қағаз жүзінде қалды"

Сонымен қатар, Тоқаев ұлттық тауар тарату жүйесін іске қосу жоспары қағаз жүзінде қалғанын айтты.

"Екі жылдан аса уақыт бұрын мен көтерме сауда орталықтары желісі бар ұлттық тауар тарату жүйесін іске қосу туралы тапсырма бердім. Бірақ Үкімет оның орындалуын ұзаққа созды. Жоспарлар мен жария мәлімдемелер қағаз жүзінде қалды. Көтерме сауда орталықтарын салу жобалары МЖӘ жүйесі ірі кәсіпкерлермен бірге жүзеге асырылған жоқ", - деді Тоқаев.

Ол Үкіметке қазанда осы салада атқарылған істерді баяндап, мүдделі инвесторларды тартуды тапсырды.

Президент үш министрге сөгіс жариялады

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отырысы барысында үш министрге сөгіс жариялады. 

"7 қант зауытының бүгінде 4-еуі ғана жұмыс істейді. Алматы және Жамбыл облыстарында тек үштен бір бөлігі жүктелген - 31 пайызы. Ауыл шаруашылығы министрлігі қызылша қантының үлесін 2026 жылға қарай 6 есеге, 7-ден 43 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр", - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, кейінгі төрт жылда қант қызылшасының аумағы үштен бірге азайды.

"Біз импорттық қантқа 90 пайыз тәуелдіміз, бұл жерде ЕАЭО аясындағы шешімге сүйенуге болады, бірақ кез келген жағдайда бұл Үкіметтің салмақты есебі. Сондықтан мен министрлер Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын", - деді Президент.

Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеев

Президент киік мәселесіне қатысты экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялады.


Серікқали Брекешев. Фото: gov.kz

"Әкімдер мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына бақылауды жоғалтты"

Отырыс барысында Президент мемлекет қаржысын дұрыс пайдаланбайтын әкімдерді сынады.

"Тұрақтандыру қорларының қызметі тиімділігі төмен болып отыр. Олардың нарыққа әсері аз. Кейде олар жосықсыз адамдарға жем болады. Мұны түсіну керек. Бюджеттік жымқыру фактілері үнемі анықталып жатыр. Әкімдер мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына бақылауды жоғалтты.

Үкімет "айналым схемасының" көлемін 100 миллиард теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынып отыр. Менің бір сұрағым бар. Күтілетін нәтиже есептелді ме? Бөлшек сауда желілеріне емес, тікелей өндірушілерге несие беру қисынды болар еді. Қазір Үкіметтің жауабын күтпеймін. Тиімділік тұрғысынан түпкілікті шешім туралы ойлану керек", - деді Президент.

Тоқаев әкімдерді сынады

Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдеріне халық табысын арттыруды тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, бірқатар өңірде халықтың табысы төмен.

"Азаматтардың табысын арттыру және адам капиталын дамыту. Кейінгі жылдары халықтың табысы біртіндеп өсті. Былтыр бұл өсім 5 пайыз шамасында болды. Бірақ Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті. Биыл мамырда азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз болды. Мұндай құлдырау көптен бері болған емес", - деді Президент.

Ол өңір басшыларына ескерту жасады.

"Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуы тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. 

Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауы тиіс", - деді Мемлекет басшысы.

Қант тапшылығы туралы - "Үкіметтің есептеудегі қателігі"

Президент елдегі қант тапшылығы мәселесіне де тоқталды.

"Бұған дейін пайдалануға берілген жеті қант зауытының бүгінде төртеуі ғана жұмыс істеп тұр (Алматы мен Жамбыл облыстарында), олардың тек үштен бірі (31 пайыз) жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылға қарай қызылша қантының үлесін 6 есеге (7-ден 43 айызға дейін) арттыруды жоспарлап отыр. Дегенмен, соңғы төрт жылда қант қызылшасының алқаптары үштен бірге қысқарды", - деді Президент.

Мемлекет басшысы 90 пайыз импорттық қантқа тәуелді екенімізді айтты.

"Бұл жерде ЕАЭО аясындағы шешімдерге сілтеме жасауға болады, бірақ бұл, қалай болғанда да, Үкіметтің санаудағы қателігі. Бұл олардың мемлекеттің ұстанымын қорғамағанын білдіреді. Үкімет тез арада қант өнеркәсібін дамытудың жеке салалық жобасын әзірлеуі қажет. Мақсат - импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендету, өзін-өзі қамтамасыз етуге кезең-кезеңімен көшу", - деді Тоқаев.

"Балабақшаларда балаларды ұрып-соғу деректері бар"

Тоқаев Қазақстандағы балабақша мәселесіне тоқталды. 

"Тағы бір түйткілге тоқталсам. Жекеменшік балабақшаларда балаларды ұрып-соғу деректері бар. Сонымен қатар, жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу көбейіп кетті. Мұның бәрі олардың қызметі ашық емес екенін, азаматтық жауапкершілігі жоқтығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, қоғам талабына сай емес", - деді Тоқаев.


Желіде тараған видео кадры

Президент 2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібі тоқтатылғанын айтты.

"Жол сапасы сын көтермейді"

Тоқаев көтерген тағы бір мәселе - автожол саласына қатысты. Ол бұл салаға түбегейлі реформа жасайтын уақыт жеткенін атап өтті.

"Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Соған қарамастан, азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді.

Үкіметке "ҚазАвтоЖол" және "Казахавтодорды" біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын. Нәтижесінде қызметкерлердің саны да қысқаратын болады", - деді ол. 

"Үкімет жұмысына орташа деген баға беремін"

Отырыс соңында Тоқаев Үкімет жұмысын бағалады. 

"Жалпы, Үкіметтің жұмысына орташа деген баға беруге болады. Үкімет табандылық танытуға тырысып жатыр. Бірақ, қазіргі кезеңде босаңсуға болмайды. Жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Жаңа, тың әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Үкімет жедел әрекет ететін оперативтік штаб қана емес, нақты реформаларды ұсынатын және жүргізетін басты мемлекеттік мекеме болуы керек.

Қазақстанда экономистер, кәсіпкерлер көп. Шетінен білімді, дарынды. Бірақ, олардың нақты ұсыныстары аз, тіпті, жоқ деп айтуға болады. Күзге қарай, мүмкін, кадрлық шешімдер қабылдау керек болады. Ерекше дағдарыс жағдайында бұл өте қажет екені түсінікті", - деді Тоқаев.