Үкіметке жасанды интеллект негізінде ұлттық онлайн платформаны іске қосу тапсырылды

Үкіметке жасанды интеллект негізінде ұлттық онлайн платформаны іске қосу тапсырылды
Фото: Midjourney

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент еңбек нарығы күн өткен сайын өзгеріп жатқанын атап өтті.

"Көптеген кәсіп иесінің жұмысын енді автоматты жүйе атқарады. Мұндай үрдіс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Бұл бірқатар мамандық ескіруіне, яғни көптеген адам жұмыссыз қалуына әкеп соқтырады. Бұл – аса өзекті мәселе. Осы жұмысты қазірден бастап қолға алмасақ, мұндай үрдістің әлеуметтік салдары ауыр болады. Жұмыссыздық белең алып, тұрмыс сапасы төмендеп, әлеуметтік теңсіздік күшеюі мүмкін. Бірақ бұл жерде де жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға болады. Мәселен ақылды технологиялар қызметкерлердің мықты не әлсіз тұстарын айқындап, кәсіби шеберлігін дамыту үшін нақты ұсыныстар бере алады. Мамандарды қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға кең мүмкіндік жасап, күні бұрын әрекет етуге тиіспіз. Бұл ретте тым үлкен қайта даярлау орталықтарын құруға бюджеттен миллиондаған қаржы шығындаудың қажеті жоқ. Жасанды интеллектінің әлеуетін сауатты қолдана білген жөн", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Үкіметтің міндеті – жұмыссыз қалудың алдында тұрған миллиондаған адамға жаңа мүмкіндік беру.

"Басқаша айтсақ, жасанды интеллектінің орасан зор әлеуетін жаңа жұмыс орындарын ашуға, адам капиталын күшейтіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыруға пайдалану керек. Үкіметке жасанды интеллект негізінде әзірленген ұлттық онлайн платформаны іске қосуды тапсырамын. Сол арқылы жұмыссыз қалған мамандарды болашақта сұранысқа ие болатын кәсіпке бейімдеу қажет, – деді Президент.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget